$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қостанайда дәрігердің өліміне қатысы бар деген күдікпен әріптесі қамауға алынды

AstanaTV
06.03.2017ж. 20:00
2166
Қостанайда дәрігердің өліміне қатысы бар деген күдікпен әріптесі қамауға алынды

Қостанай облыстық психиатриялық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаеваны қатігездікпен өлтіргендер 20 мың АҚШ долларын алған. Ал оны өлтіруге тапсырыс берді деген күдікпен әріптесі Зауреш Изалдина қамалды. Қостанай соты дәрігерді екі айға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция шығарды.

Бөлім меңгерушісі әріптесін өлтіруге тапсырыс берді, кісі өлтіру қылмысын ұйымдастырды деген күдікке ілініп отыр. Қылмыстық істің материалына сәйкес, марқұм Рашида Сандыбаева мен Зауреш Изалдина жұмыс барысында сөзге келіп қалған, кейін екеуінің арасындағы өшпенділік өрши түсіпті.

Ләззат Байғожина, Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметкері:

Іс материалы бойынша жәбірленуші мен күдікті арасында қызметтік бабы барысында даулы мәселе туындаған. Осының негізінде күдікті 20 мың АҚШ долларын беру арқылы жәбірленушіні өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталып отыр.

Еске сала кетейік, 36 жыл облыстық диспансерде қызмет еткен жоғары санаттағы психиатр Рашида Сандыбаеваны 20 ақпан күні өз пәтерінде аса қатігездікпен өлтіріп кеткен болатын. Дәрігердің денесінен 30-дан аса пышақ ізі табылған. Жергілікті полицейлер ауыр қылмыс жасады деген күдікпен үш адамды ұстады. Қазір тергеу жүріп жатыр.