Қызылжарда
жасотандықтар Конституцияға енгізілген өзгерістерді жастарға түсіндіруді қолға
алды. Кеңес орталығында ашық есік күні ұйымдастырылып, тұрғындар заңнамаға
қатысты тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай шара бүгін барлық
өңірлерде өтті. Петропавлдағы ашық есік күні мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттікті қайта бөлу мәселесі
әңгіме өзегіне айналды. Жаңа өзгерістер адамдарға егжей-тегжейлі түсіндірілу
үшін партиялықтар қалалық мәслихаттың депутаттарын шақыртқан. "Жас
отанның" өкілдері шараны өткізбес бұрын жұртшылықты әлеуметтік желі арқылы
хабарландырыпты.
Кеңес
Мұқышев, «Нұр Отан» партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының орынбасары:
Ел
саясатын насихаттау жұмысы жастардың арасында аз қамтылған. Бүгін адам көп
болады деп ойлаймын. Барлығына дерлік толық ақпарат беруге тырысамыз. Себебі,
әрбір азамат өз құқығын білуі тиіс.
Кеңес
орталығы жасотандықтардың бастамасымен осыдан бірнеше жыл бұрын қаланың ірі
сауда үйлерінің бірінде ашылған болатын. Бүгін мұнда келген адамдар тек заңнама
жөнінде ғана емес, кәсіп ашу бағытында да мағлұмат алды.
Ілияс
Байжанов, Петропавл қаласының тұрғыны:
Мен
Кеңес орталығын ғаламторда көрдім. Осыған дейін бизнеске қатысты кеңесті қайдан
алатынымды білмедім. Тез дайындалған ас саласында кәсіп ашқым келеді. Бүгін
осыған байланысты біраз ақпарат алдым. Енді "Даму" кәсіпкерлікті
қолдау орталығына баратын ойым бар.