$494.95 €525.49 ₽5.05
×

Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағынан алғашқы зымыранын ұшырады

AstanaTV
12.08.2024ж. 23:33
601
Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағынан алғашқы зымыранын ұшырады

2025 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан Қазақстан алғашқы зымыранын ұшырады. Бұл бастама «Бәйтерек» жобасы аясында жүзеге аспақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір ғарыштық зымыран кешенінде дайындық жүріп жатқан көрінеді.

Бұл Байқоңыр ғарыш айлағының 45-ші ұшыру алаңы. 1985 жылы қолданысқа берілген нысан 2004 жылы қазақ-ресей үкіметаралық келісімі бойынша «Бәйтерек» кешені болып бекітілген. Қазіргі таңда біздің тарап зымыран кешенін жаңғыртуды қаржыландырса, Ресей үкіметі зымырандарды құрумен қамтамасыз етіп жатыр. Бірақ 2018 жылы солтүстіктегі көрші аталған алаңды жалға алуды тоқтатыпты. Содан бері нысан қазақстандық мамандардың қолына өткен. Жалпы жұмыстың аяқталу мерзімі 2028 жылдың мамырына жоспарланыпты. Ал алғашқы ұшу сынақтары келер жылы басталмақ. Мұндағылар «Кешеннің жылына 8 зымыранға дейін ұшыру мүмкіндігі бар»,деп отыр.

«Осы күнге дейін эскиздік жоба жасалынды, инженерлік іздеу жұмыстары бітірілді, қазіргі таңда конструкторлық құжаттар әзірленуде және жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, біз практикалық, яғни демонтаж жұмыстарына көшудеміз. Осы жұмыстардың негізінде біздің мақсат 2025 жылы желтоқсанда «Союз-5» атты зымырантасығышын жаңадан құрылған, реконструкциядан өткен «Бәйтерек» зымыран кешенінде алғашқы ұшырылымды жүзеге асыру», - деді «БӘЙТЕРЕК» БК» АҚ Байқоңыр филиалының директоры Сырым Ынтымақов.

Жалпы «Бәйтерек» кешенінің бірінші бағыты - «Зенит-М» зымыран кешенін күтіп ұстау мен сақтау болса, екінші бағыты жаңа экологиялық таза ғарыш кешенін құру. Бүгінде кешен жаңа технологиямен қамтамасыз етіліп жатыр.

«Біздің жаңа зымырандарымыз «Союзға» жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Кнопкалық жүйелер компьютерлік форматқа ауысады. Яғни ескі үлгі жаңа үлгіге ауысады», - деді «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің бөлім бастығы Нұрсұлтан Алшеев.

Қазір кешеннің монтаждау залынан ескі зымыран жабдықтары шығарылып жатыр. Мұнан соң жаңа «Союз» зымыран тасығышының жабдықтары келіп, құрылыс жұмыстары басталады. Мамандардың айтуынша, мұның бәрі шамамен 2 айға созылмақ. Жалпы «Бәйтерек» кешенінде 150-ден аса маман қызмет етеді десек, оның 80 пайызы Қазақстан азаматтары екен. Алдағы уақытта жұмыс күшін 500-ге дейін өсіру жоспарланып отыр.

«Қазіргі таңда Қазақстанның ғарыш саласындағы оқу мекемелерімен жақсы қарым-қатынастамыз. Соларда даярланған мамандарды тәжірибеге алып отырамыз. Қазіргі таңда МАИ-дың бірнеше студенттері осы біздің ғарыш кешенінде тәжірибеден өтіп жатыр. Оларды арнайы комиссия қабылдап алады», - деді «БӘЙТЕРЕК» БК» АҚ Байқоңыр филиалының директоры Сырым Ынтымақов.

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені – Қазақстан мен Ресейдің ең ірі бірлескен жобасы. Сондықтан, бұл жобаның мемлекет басшыларының ерекше бақылауында екенін айта кетейік.