$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Жайлы мектеп» шын мәнінде жайлы болуы керек", - депутат

«Жайлы мектеп» шын мәнінде жайлы болуы керек", - депутат

«Түркістанда салынып жатқан 2 мың орындық «Жайлы мектепте» бір ғана лифті қарастырылған. Ол аздық етеді. Атының өзі «жайлы» болған соң, мектеп шын мәнінде жайлы болуы тиіс» - деп санайды Мәжіліс депутаты Ерлан Абдиев. Бүгін киелі шаһарда жұмыс сапарымен болған депутат облыс орталығында салынып жатқан “Жайлы мектептің” құрылыс барысын арнайы көріп шықты. Мердігердің айтуынша, бастапқы жобада екі лифт қаралған. Бірақ кейін жобаға түзетулер енгізілген екен. Халық қалаулысы сонымен қоса мүмкіндігі шектеулі жандар үшін білім ұясының кіреберісіне орнатылған механикалық сатынының орнына пандус қою керектігін айтты. Себебі электр көтергіш төтенше жағдайда немесе жарық сөніп қалған кезде іске жарамсыз болып қалатынын ескертті. Білім ошағы алдағы қарашада тапсырылады. Халық қалаулысы аталмыш «Жайлы мектеп» «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасына енген маңызды нысандардың бірі екенін қадап айтты. Сондай-ақ айтылған кемшіліктерді үкіметке депутаттық сауал ретінде жолдайтынын да жеткізді.

Ерлан АБДИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бірінші кезекте бұны жеткіземіз. Өйткені бұл менің өзім үшін де, мүгедектігі бар адамдар үшін де өте маңызды нәрсе. Мен өзім инженер болғандықтан бұны жақсы түсінемін. Осы бағыттағы жұмыстардың өзгермеуін мен сұрайтын боламын, талап ететін боламын. Басқа нәрседен үнемдесін, бірақ мынау лифті, жайлылық мәселесіне келгенде оны үнемдеудің қажеті жоқ. Мектептің қазіргі салынып жатқан процестерін айтудың қажеті жоқ, оның ары қарайғы өмірін ойлауымыз керек.