Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының тұрғыны Гүлайна Айтасова бір айдан бері несиесін төлей алмай жүр. Мән-жайды білу үшін банкке хабарласқанда өзінің 4-шілдеде Астана қаласындағы емханада қайтыс болғанын біліпті. Бақилық болғанына таңғалған ауылдық енді банкке берешегім көбейіп кете ме деп алаңдаулы. Өйткені жүйе төленер ақыны қабылдамай тұр.
Гүлайна АЙТАСОВА, ТҰРҒЫН:
Мен - тірі адаммын. Былай зарплатымды алдым. Енді ауруханаға барып, дәрімді алайын десем, ауруханада да қайтыс болған деген шығып тұр. Бірақ енді олар ескеріп, өзім учетта тұратын едім, давлениемен ауырып, учеттамын.
Құжатта өлілердің қатарына қосылған тұрғынға дәрігерлер түсіністік танытыпты. Дегенмен Гүлайна Айтасоваға өзінің тірі екенін дәлелдеу оңай болмай тұр. Ал жауапты мекемелер мұны ақпараттық жүйедегі ағаттықпен түсіндіреді.
«ЖАҢАҚАЛА АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ» МКК:
Астана қаласының республикалық медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы ақпараттық жүйеде қате анықтама берген. Осыған байланысты Жаңақала аудандық ауруханасы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығына осы азаматтың деректерін «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде қалпына келтіру туралы хат жолдады.
Тірілердің тізімінен табылуға тырмысқан тұрғын денсаулығы жоқ екенін айтып, арызданудан бас тартты. Ал жауапты органдар бірер күнде құжатты реттеп, жаңсақ деректе жан тапсырған жаңақалалыққа қайта жан бітіреміз деп отыр.