$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Баянауылда дала сарыалақаздары белгісіз жағдайда қырылып қалған

AstanaTV
15.08.2024ж. 09:00
350
Баянауылда дала сарыалақаздары белгісіз жағдайда қырылып қалған

Өлген құстардың саны – 150.Ветеринарлар құстардың қырылуына әлдебір улы өсімдіктер себеп болуы мүмкін деген болжам жасап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауылдың Күркелі ауылдық округі аумағындағы Шалқар көлінде үйрек тұқымдас құс – сарыалақаздың жаппай қырылуы тіркелді. Жергілікті азаматтар түсірген бейнежазбадан байқағанымыздай, қауырсын қанаттылар көл айнала жаппай жусап жатыр.

Аталған мәселе бойынша өңірлік ветеринарлық басқармасының мамандары оқиға орнына жедел барып, көл маңайында өліп жатқан құстардың ұшаларын жинап, өртеген.

– Өлген құстардың 90 пайызы былтырғы балапандар екені анықталып отыр. Құстардан материал алынып, Астанадағы ұлттық зертханаға жібердік, нәтижесі апта соңына дейін белгілі болады. Онда құс індетінің жеті-сегіз түрі және улану бойынша тексеріледі. Көл маңайынан біздің қызметкерлеріміз жалпы саны 150-дей құстың өлексесін тапты. Өзге құстар мен жан-жануарға зияны тимеуі үшін барлығын жинап, өртеп жібердік. Қазір Жұмат Шанин ауылы мен өзге де жақын елді мекендер айналасындағы көлдерге мониторинг жүргізіп жатырмыз. Бірақ өзге көлдерде мұндай жағдай тіркелген жоқ, – дейді Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылтас Тілеубаев.

Басқарма өкілінің болжамынша, құстар әлдебір улы шөпті жеп, содан қырылуы мүмкін. Себебі көл суынан улану мүмкін емес. Онда сарыалақаздан өзге басқа да түрлі құстар мекендейді. Олардың барлығы дін аман.

– Ал құс індеті тарады десек, онда көлдегі барлық құстар шалдығар еді. Сондықтан құстардың шөптен улануы әбден мүмкін. Биыл барлық жерде сияқты Баянауыл өңірінде де ылғал мол болып, аумақта өсетін шөптің барлық түрі шығып кеткен. Олардың арасында түрлі улы өсімдіктер кездеседі. Кейде оны жеген үйдегі жас төлдер, қозы-лақ, бұзаудың өліп қалатын жағдайлары тіркеледі, – дейді Асылтас Тілеубаев.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Шалқар кезінде екі көлден тұрған. Бірінің суы – ащы, екіншісінің тұщы болған екен. Соңғы жылдары су айдындары кемерінен асып, бір-бірімен қосылып кеткен. Қазірдің өзінде көлдің бір бөлігінде су ащы, екінші жағында тұщы екені байқалады. Мамандар құстың өліміне бұл ешқандай себеп емес дейді. Себебі кез келген құс судың ащы-тұщылығын тани алады.