$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тұқым өсірушілер мемлекеттен қаржылық қолдау сұрайды

AstanaTV
07.03.2017ж. 20:00
4145
Тұқым өсірушілер мемлекеттен қаржылық қолдау сұрайды

«Не ексең, соны орасың». Қазақстанның тұқым өсірушілері мемлекеттен қаржылық қолдау сұрайды. Бүгінде егін шаруашылығымен айналысатын серіктестіктер мен ғылыми институттар астық дәндерін өз қаражаттарына ғана көбейтеді. Дәл осы, тұқым өсіру саласына субсидия болмағандықтан, тұтынушыға өнім қымбаттап жетеді,-дейді егіншілер. Олардың айтуынша, жағдай, мемлекеттен қомақты субсидия бөлінсе ғана, түзеледі. Тақырыпты Айжан Қуаш тарқатады.

«Астра-Агро» серіктестігі 5 жылдан бері  картоп тұқымының элиталық сұрыптарын өсіреді. Агрономдар үшін бұл ерекше төзімділікті талап ететін жұмыс. Сапалы, әрі арзан дән алу үшін технолог-мамандар тұқымдарды арнайы қондырғыларда бірнеше жыл баптап, күтеді.

Елімізде бұл өнімдерге сұраныс жоғары. Өйткені шаруалар дәл осындай тұқымдардың бір вагонын шетелден 25 мың долларға сатып алады. Бұл 1 келісі 400 теңге деген сөз. Ал, «Астра-Агрода» дән екі есе арзан. Алайда, серіктестік бүкіл Қазақстан егіншілерін тұқыммен қамти алмайды.

Амангелді Мұқашов, Қарағанды облысы «Астра-агро»ЖШС директоры:

«Бір тұқым алу үшін, бір картошка тұқымын сатуға шығару үшін, 5 жыл айналысуымыз керек. Яғни 5 жыл инвестиция саламыз бір тұқымға. Егер осы бағытқа үкімет жағынан қолдау болмаса, инвесторды тарту өте қиын болады. Біздің бірді-екілі өзіміздің жасаған инвестициямен Қазақстанның сұранысын жаба алмаймыз. Оған өте көп қаражат керек».

Қазақстандағы аграрлық ғылыми зерттеулерге инвестицияны көбейту туралы президент жолдауда да айтқан. Шығыс Қазақстандағы Сәрсен Аманжолов атындағы университет ғалымдары, картоп шаруашылғының болашағы зор, деп санайды. Осы бағытта арнайы зертхана жұмыс істейді. Онда қазақ жерінің қатал табиғатына төзімді, сапалы отандық тұқымдар алынады.

Галина Кузьмина, С.Аманжолов атындағы университетінің аға ғылыми қызметкері:

Бұл Шығыс Қазақстанда бұрын-соңды болмаған бірегей элиталық тұқымдар. Мұнда 50 түрлі сұрып бар. Өте жақсы өнім береді, 500 граммнан 2 келі өсіп шығады. Өндіруші шаруашылықтарға көп инвестиция құю керек. Сау өнім алу үшін жұқпалы ауруларды тексеретін және биотехнологиялық зертханалар болу шарт.

Дегенмен, мемлекет арпа, бидай мен күріштің жаңа сұрыптарын алуға бағытталған ғылыми жобаларға қолдау жасаған. Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына осы мақсатта 90 млн-ға жуық қаржы бөлінген. Институт отандық тұқым өсірумен бірге ауыл шаруашылық саласында жаңа технологияларды игереді.

Серікбай Өмірзақов, Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры:

Біз ең алдымен күріштің жаңа сұрыптарын алдық. Сондай-ақ, арпа, бидай сұлы, қауын да жақсы өседі. Бұл - бренд. Қауынның жаңа сортын шығарамыз. Агротехнологиялар, су, басқа да табиғи ресурстарды үнемдеу, тыңайту мәселелерін де талқылап, ғылыми тұрғыдан зерттейміз. Оның барлығы өзіміздің ауыл шаруашылығымызда қолданылады.

Елді отандық азық-түлікпен қамту - стратегиялық маңызды мәселе. Сондықтан агрономдар Қазақстанда отандық тұқым қорын құруға құлшынып отыр. Бұл қаржының сыртқа ағылуын азайтады. Әрі елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.

Айжан ҚУАШ, Ирина ЯКУНИНА,Шарипа САҚТАПОВА