Қытайда автономды робот таксилер көбейді, деп хабарлайды 24KZ.
Жасанды интеллектіге негізделген жоба бұған дейін арнайы белгіленген аймақта жүзеге асырылған еді. Көрші елдің инженерлері машинаны жетілдіріп, қауіпсіздігіне әбден көз жеткізді. Енді биылдан бастап ел билігі робот таксилерге жоғары жылдамдықты магистральдармен қатынауға рұқсат берді.
Қытай – жасанды интеллект игілігін икемдеп алған ел. Мемлекет бойынша ақылды қалалар инновациялық реформасы жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе жолаушы тасмалдау саласына ерекше мән беріліп жатыр. Себебі елде ішкі және сыртқы туризм қарқынды дамып келеді. Робот – такси заманауи жобалардың бірі. Көліктің артықшылығы көп. Мобильді қосымшамен шақырасың, уақытында жетіп келеді. Қоршаған ортаға зияны жоқ. Электр қуатымен жүреді. Жылдамдықты белгіленген межеден асырмайды. Қауіпсіз. Кептелісте тұрмайсың. Тіпті өзге көліктерден озып, көшелерде қозғалыс жолағын ауыстыра алады. Қазір Бейжіңде бұл жоба аясы кеңейтіліп жатыр. Жуырда қала билігі қызметтің бұл түрін Бейжіңдегі халықаралық Дасин әуежайында да енгізді.
Лю Чучу, Baidu Apollo компаниясының байланыс жөніндегі менеджері: - Бұл бағытта тәжірибе жеткілікті. 2017 жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Бүгінгі күнге дейін автономдық басқару арқылы 100 миллион шақырым қауіпсіз тасымал жасалды. 5 мыңнан астам патентіміз бар. Робот такси автономды басқару қызметін ұсынушылар арасында әлем бойынша көш басындамыз және мұнымен тоқтайтын ойымыз жоқ. Бұл жұмыстың аясы кеңейе береді.
Роботакси – Қытайда үйреншікті қызмет түрі. Автономды сервистік платформаға 4 айда түскен тапсырыс көлемі 1 миллионнан асқан. Дәл осындай көліктер Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Шэньжэнь сияқты 50 қалада қатынайды. Бұл шаһарларда автотасмалға сұраныс жоғары. Әсіресе таңертеңгі және кешкі мезгілдегі кептелісте тапсырыс артады. Қазір алдын ала арнайы қосымшамен таксиді шақыртып қойдық. Таксиге отыру үшін алдымен тапсырыс беруші телефонның соңғы 4 нөмірін енгізу керек. Көлік қозғалу үшін мына жерде жүру деген белгі бар. Батырманы басамыз. Көлік автономды түрде өзі қозғалып келе жатыр. Рөлде ешкім жоқ. Ел билігі тың технологияны енгізу арқылы көліктердің кептелісте тұру уақытын 30% дейін қысқартып, жол қозғалысының тиімділігін арттырды. Қытайлық мамандар ақылды көліктерді енгізу арқылы жол-көлік оқиғасын 90% дейін қысқартуды көздеп отыр. 2025 жылға қарай 65 қалаға, ал 2030 жылы 100 қалаға енгізуді жоспарлап отыр.
Цзэн Венда, Бейжің қаласының бас сәулетші: - Робот таксимен қатар жүк тасмалдайтын, қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын полицей көліктері бар. Олар да пилотсыз басқарылады. Көліктер жолда түрлі кедергілерге тап болады. Көп жағдайда жаяу жүргіншілер бағдаршамға тоқтаған өзге де көліктер жолды бөгейді. Кептеліс қалыптасады. Жасанды интеллектіге негізделген жоба осы мәселені шешуге бағытталған.
Елдің ірі шаһарларында жасанды интеллектіні пайдалана отырып, қала қозғаласын басқару жаңартылып жатыр. Алғаш рет жобаны жүзеге асыру үшін Бейжің қаласында арнайы экономикалық аймақ белгіленіп, 2020 жылы бірінші кезеңі іске қосылған еді. Енді жасанды интеллектімен қатынайтын таксилерге жоғары жылдамдыққа арналған жолдарға шығуға рұқсат берілді. Робот таксилер қаладағы жалпы ұзындығы 143 шақырым болатын 6 көшеде жүйткиді.
Кун Лэй, электронды қаланы басқару жөніндегі комитеттің директоры: - Ең бастысы – қауіпсіздік. Машинаны магистральдарға шығармас бұрын әбден жетілдірдік. Арнайы экономикалық аймақта жобаларды сынақтан өткізу үшін 200-дей компания тартылды. Олар автомобиль, радар, сенсор, алгоритмдерді жүйелеу бағытында жұмыс жасады. Бірлескен жұмыстың арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп отырмыз.
Бүгінде Қытайда санитарлық көліктерден бастап, патрульдік полиция, автобустар мен жеткізу қызметінде жүргізушісіз көліктер қолданылады. Бұл үйреншікті жағдайға айналған. Қытай бұл бағытта ғылым мен технологияны ұштастырып, терең зерттеу жүргізуге күш салып жатыр. 2024 жылы ғылым мен технологияға 51 миллиард АҚШ доллар бөлді. Осы арқылы инновациялық жобаларға жұмсалатын қаражатты 10% арттыруды көздеп отыр.