Қызылордада білім беру саласының жауапты тұлғалары жұмыстан босатылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу фактісіне уақытында кедергі келтірмеген уәкілетті тұлғаларға қатаң шаралар қабылдауды талап етті.
Өңір басшысы бұл атышулы қылмыстан жарты жылға жуық уақыттан бері полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен қызға сабақ беретін мұғалімдер бейхабар болғанын қатаң сынға алды. Оқушының сабақтан жиі қалатынына тиісті мамандардың назар аудармағанын, ата-анасымен тиісті деңгейде профилактикалық жұмыс жүргізбегенін, тек мәселені жасырып-жабуға тырысқандарын айтты. Ол бүгіннен бастап №7 мектеп – лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылатынын жеткізді.
Қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасары мен қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Ал білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін ескерту берілді.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Тергеу әділ болуы керек. Кінәлілер қатаң жауапқа тартылуы керек. Мен мұны қадағалап тұрамын.