Белгілі
актер Тұңғышбай Жаманқұловтың сыбайласы деп танылған Талғат Жәнібеков еңбекақы
төлеу кезінде ақша жымқырған. Тергеу мәліметінше, ол «Феникс» фильмінің
режиссері ретінде еңбекақы алып, өз міндетін мүлде орындамаған. Тек бұл емес,
түрлі қызмет үшін деп өзге тұлғаларға төленген қаржыны да қалтаға басқан. Бұл
туралы бүгін Алматының Медеу аудандық №2 сотында өткен сот процесінде
мемлекеттік айыптаушы осылай деді.
Талғат
Жәнібеков Turan Universal Business ЖШС-мен 2014 жылдың 4 мамырында қоюшы
режиссер қызметін атқаратыны туралы келісімшарт жасасқан. Сотқа дейін
жүргізілген тергеу барысында 1 млн 665 мың теңге алғанын анықтаған. Тергеу бұл
қаржының заңсыз аударылғанын айтып, оны жеке мақсатына жұмсады деп айыптап
отыр.
Айта кетейік, актер Тұңғышбай
Жаманқұлов өткен жылдың қарашасында қаржы жымқырды деген күдікпен қамауға
алынған. Ол «Феникс» атты фильмге бөлінген 69 млн ақшаны талан-таражға салды
деп айыпталып отыр. Кінәсін мойындап, кепіл ақша төлеп босатылған болатын. Осы
іске қатысы бар тағы 8 адамнан бүгін
жауап алынды. Халық әртісі мен қоса бірнеше адам бүгінгі сот залында кінәсін
мойындамайтынын айтты.
Айгүл ЕРМАХАН