$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қазақстан мұнай өндірісінің көлемін қысқартпайды - Школьник

AstanaTV
10.03.2016ж. 20:00
1894
Қазақстан мұнай өндірісінің көлемін қысқартпайды - Школьник

Қазақстан мұнай өндірісі көлемін қысқартпайды. Энергетика министрі Владимир Школьник Астана телеарнасының сұрағына осылай жауап берді. Министр тіпті, мұнай бағасы көтерілсе, өндірісті қазіргі 74 млн тоннадан 77 млн тоннаға дейін арттыра алатынымызды айтты.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Жоқ, біз өндіріс көлемін қатырып қоймаймыз. Жағдайды нақты түсініп әрекет етеміз. Бюджетте мұнайдың бір баррелі үшін 30 доллар деген есеппен 2016 жылғы өндіріс көлемі 74 млн тонна деп көрсетілгенін білесіздер. Ал егер орта баға баррелі үшін 40 долларға жетсе, өндіріс 77 млн тоннаны құрайды. Қазір мұнай нарығында ұсыныстың сұраныстан көп екені белгілі. Сондықтан біз өндіріс көлемін біраз түсірдік. Басқа елдер бізден үлгі алса, баға реттелер еді. 

Ал Ресейдің энергетика министрі Александр Новак ОПЕК елдерінің кездесуіне Қазақстан да қатысып, қара алтын өндірісін қысқартады деп үміт білдірген еді. Отандық сарапшылар болса, Қазақстан мұнай өндірісі көлемін қазіргіден қысқартса, жағдай тіпті күрделене түседі дейді. Мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсететін одақ басшысы, еліміз қара алтын көлемін өз бетінше қысқарта алмайды деген ойда. Ол үшін ірі кен орындарын басқарып отырған шетелдік инвесторлар және трансұлттық компаниялармен ақылдасып, келісімін алуы қажет. Өйткені біздің ел мен шетелдік мұнай өндіруші компаниялар арасында  өнімді бөлісу туралы келісім шарт бар.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервисі компаниялары одағының төралқа төрағасы:

Мұнай өнімі онсыз да қысқарып отыр. Былтырғы 80 млн-ға биылғы 74 млн, 6 млн онсыз да қысқарып отыр. Сондықтан біздің қатысуымыз және мойнымызға қысқартамыз деген нақты цифра алу орынсыз деп ойлаймын. Біздің мемлекеттің экспорттан келетін кірісінің 70 пайызы мұнайдан келіп отыр. 70 пайызы мұнайдан келіп отырғандықтан, қазір бірден біздің мемлекеттің табысына кері әсер етеді. Оның сыртына теңге құлдырауы тағы басталады. Салық көлемі азаяды. Міне, осы комплексті зерттеп қарасақ бізге өте тиімсіз.

 Айгүл ӘДЕПБАЙ