$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Сенат «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасын қабылдады

AstanaTV
10.03.2016ж. 20:00
1555
Сенат «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасын қабылдады

Бұдан былай тұрғын үй құрылысына үлескерлердің ақшасы тікелей тартылмайды.Үлескерлердің құқығы барынша қорғалып, құрылыс компанияларына  талап күшеймек.  Сенат «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасын қабылдады.Оны әзірлеген ұлттық экономика министрлігінің өкілі процессті енді арнайы құрылған қор кепілдендіретінін айтты. Яғни, азаматтардың баспана кілтін аларына мемлекет кепіл. Үлескерлердің қыруар қаржысын қалтаға басып, шетел асып, ашынған халықты мемлекеттің мойнына арта салатын күн келмеске кетуі әбден мүмкін.Сенаттың жалпы отырысында таныстырылған заң жобасы үлескерлерді барынша қорғап, құрылыс компанияларына  талапты күшейтпек. Заң тұрғын үй құрылысын темірдей тәртіпке келтіріп, құрылыс компанияларына бастаған жұмыстарын аяқтауға үш түрлі жол ұсынады.

Ұлан Жазылбек, ҚР ҰЭМ Экономиканың инфрақұрылымын дамыту департаментінің директоры:

Құрылыс компанияларына жаңа мүмкіндіктер беріледі. Ол-«Байтерек» холдингі жанынан құрылған кепілдендіру қоры немесе екінші деңгейлі банктер арқылы жұмыс істеу. Немесе тұрғын үйдің қаңқасын өз ақшаңа сал, содан кейін барып халықтың ақшасын ал. Ескі заң тиімсіз болды. Мердігер үлескердің ақшасына құрылысты толық аяқтап, тапсырғаннан кейін ғана қол жеткізетін. Ақша құр жатты.

Яғни енді қандай жағдайц болмасын,Байтерек басқарушы холдингі жанынан құрылған қорда кепілдендірілген құрылыс аяғына жетеді.Ұлттық қордан сақтандыруға 10 миллиард теңге бөлінді. Ал кепілдік алғысы келмейтін компаниялар  өз ақшасына, немесе банктен алған қаржысына алдымен нысанның қаңқасын салады. Одан кейін ғана үлескердің ақшасын тартуға құқы бар.

Ұлан Жазылбек, ҚР ҰЭМ Экономиканың инфрақұрылымын дамыту департаментінің директоры:

Бір шаршы метрдің құнына үй құрылысына жұмсалған барлық шығын кіреді. Оның ішінде баспалдақтар, лифт, асфальт төсеу, ағаш отырғызу, бәрі бар. Ол шығындар пәтер құнынан бөлек есептелмейді.

Тұрғын үйдің іргетасынан бастап ауласының абаттандырылуына дейін шаршы метрдің құнына кірсе, көлік тұрағы да пәтер иелерінің арасында тең бөлінуі тиіс. Алайда заң жобасында, ол коммерциялық құрылыс деп танылып, саудалау құрылыс компаниясының еркіне беріледі.

Ләззат Қиынов,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Үйдің төменгі қабатында тұрақ, бірінші қабатта дүкен, фитнес салынады, ал құрылыс аяқталған соң олар неге екені белгісіз құрылыс компаниясының иелігінде қалады. Неге мердігер үлескердің ақшасына өз құрылысын салуы тиіс. Меніңше дұрыс емес.

Сенатор бұл шикіліктің орнын толтырудың  екі жолын атады.

Ләззат Қиынов,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Біріншіден, шаршы метрдің құны есептелгенде жаңағы нысандардың шығындары толық шегерілуі тиіс. Бұл баспананы едәуір арзандатады. Немесе, тұрғындардың онда үлесі болуы тиіс.

Бірақ ұсыныстар тек ұсыныс ретінде қалды. Заң жобасының шикі тұстарын көрген сенатор Қиынов қынжылса да, құжат көптің көңілінен шығып, президенттің қол қоюына жіберіледі. Ақ Ордада қолдау тапса заң алты айдың ішінде күшіне енбек. Бірақ аталмыш өзгерістердің проблемалы құрылыс нысандарына қатысы жоқ. Жауапты шенеуніктер олардың ең соңғысы 2017 жылы толық аяқталады деп уәде берді. Азамат Алдоңғаров, Нұржан Махмұтов, Астана телеарнасы.

 Азамат АЛДОҢҒАРОВ