Батыс Қазақстан облысының Орал қалалық соты 2024 жылы 4 қаңтарда «Rizyq» кафесінде болған жарылысқа кінәлі тұлғаға айыптау үкімін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот отырысы барысында сотталушы кінәсін мойындамады және барлық жауапкершілікті жұмысшыларына артпақ болды.
Алайда мемлекеттік айыптаушының принципті ұстанымы және сотқа ұсынған сотталушылардың кінәлілігін растайтын бұлтартпас дәлелдемелері айыптау үкімін шығаруға ықпал етті.
«Нәтижесінде сот сотталушыны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, мекемелерде әкімшілік-шаруашылық және ұйымдастырушылық-өкімдік қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады», - деп хабарлады прокуратура.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, жеке кәсіпкер және «Rizyq» кафесінің басшысы «У» есімді сотталушы газ жабдықтарын қолданудың белгіленген ережелерін бұзып, салдарынан жарылысқа және кафе ғимараты бөлігінің құлауына әкеліп соққан.