Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Әл-фараби атындағы №201 мектеп-лицейге 34 млн теңге табысталды. Ол білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалмақ. Қаражат облыстық педагогикалық тамыз кеңесінде табысталды. Жиында білім саласындағы жетістіктер мен мәселелер, оларды оңтайлы шешу жолдары кеңінен талқыланды. Атқарылған жұмыстар баяндалды.
Асқарбек ЕСЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 17 интерактивті логопедтік құрылғы орнатылды. Сонымен қатар 6 ІТ мектеп-лицейге жасанды интеллект элементтерін теріңірек меңгеру үшін адам тәрізді роботтар алынды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 878,2 млн теңге қаржы бөлінді. Білім саласында ақпараттық-коммуникациялық технологиялық сауаттылық қоғамдағы қарым-қатынаста табысты қызмет көрсету және ақпара алмасу үшін маңызды.
Аймақта биыл білім саласына 262 млрд теңге бөлінген. Бұл- облыс бюджетінің 35,8 проценті. Соның негізінде білім сапасын жақсартуға ғана емес, оқушыларды жайлы, заман талабына сай білім ордасымен қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылуда. Бұл орайда апаттық және 3 ауысымды мектептерді жою басты назарда деді облыс әкімі.
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
14 мектеп және 4 мектепте қосымша құрылыс салынып пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп, «Білім беруді қолдау» қоры арқылы физика-математика бағытындағы мектеп-интернат және жергілікті бюджет есебінен 926 млн теңгеге Жаңақорған ауданында 150 мектеп құрылысы жүргізілуде.
Жиын соңында сала үздіктері құрмет төрінен көрінді. Оларға дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.