Инвестициялар және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі комитетінің бұрынғы басшысы 2 айға тұтқындалды. Айдың басында Базарбай Нұрабаев 20 мың доллар парамен ұсталған етін. Жұмада Астана қалалық соты оның мамырдың 6-на дейін қамалғанын хабарлады.
Нұрабаев мырза «Ақмола Голд» ЖШС өкілінен сұраған парасының бір бөлігін - 20 мың долларды алып жатқан жерінен ұсталған. «Жер қойнауын мемлекеттік зерттеуге келісім-шарт жасауда ықпал етемін» деп. Нұрабаев пен оның сыбайласы, әрі сыныптасы М.Әбдірашов 25 мың доллар тұратын Audi Q7 автомобилін, Шымкентте 3 бөлмелі пәтер де алған.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының мәліметінше, комитеттің бұрынғы басшысы «SK Petroleum» ЖШС-нен де 20 мың доллар пара «жұтқан». Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды облыстарындағы кеніштер бойынша келісім-шарттар жасауда мүдделерін қорғап, басқа да жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан «сыйлықтар» алған. Мысалы, «Бурабай» аймағында қонақ үй кешенінің қожайыны болып шыға келген. Басқан парасының жалпы сомасы 100 мың доллардан асады екен...
Ол әрине, қылмыстық схемамен істеген – схеманы іске асырғандар - орынбасары, комитетке қарайтын мекемелер мен құрылымдардың басшылары.
Базарбайлардың ойлағаны Q7 автокөлігі болса, геология, жер қойнауын барлау қалай жүріп жатыр осы, деп, Атыраудағы Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтынан комментарий сұрағанбыз. Не дегенмен «барымыз да, нарымыз да мұнай» деп отырған елміз.
Әрине, Теңіз, Қашаған сынды ірі кен орындары шығуы екіталай. Алайда орташа және шағын қоры бар кеніштердің барына геологтар еш күмән келтірмейді. Тек тың барлау мен зерттеу керек. Қаражат та аямай құйылуы қажет.Алайда терең барлау жүргізілмейді екен. Атыраулық тәжірибелі геологтар осылай деді.
Лариса Шестоперова, Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының геология департаментінің директоры:
Біз терең зерттеп жатқан жоқпыз. Не бар екенін білмейміз. Сондықтан дәл сейсмикалық жұмыстар жүргізу керек. Жаңа технологияларды пайдалана отырып. Терең скважиналар қазу қажет. Жер қойнауын пайдаланушылардың өздері де тауып жатады. Мысалы, Доримала Восточное құрылымы. Онда бұрындары 400 метр тереңдікте кен табылған. Қазір одан да тереңнен тауыпты. Себебі олар дәл сейсмикалық барлау жүргізген.
Каспий ойпатына, Батыс Қазақстандағы кен орындары бойынша бар материалдарға
анализ жасау үшін қаржы керек. Ал геологиялық картаның өзі ескірген. 10 жыл
бұрын жасалған карта көне болып есептеледі. Себебі жаңа мәлімет көп. Ғалымдар
тақырыптық зерттеулерге ақша сұраған, мәселе шешілмепті. Осылай, Базарбайлар
азаймай, мәселелер шешілмейді.