$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Мердігер ұйым ойын алаңдарын жөндеп, жаңартуға міндетті" ,- маман

21.08.2024ж. 20:00
237
"Мердігер ұйым ойын алаңдарын жөндеп, жаңартуға міндетті" ,- маман

Елордада әлі де болса жаңа үлгідегі ойын алаңдарына жарымай отырғандар бар. Әткеншектердің сапасы әбден шегінен шығып, тозығы жеткен. Ата-аналар "балаларымыз мертігіп қала ма" деп қорқады.

Галина ТАМАШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ескілері балалар үшін қауіпті. Ылғи бірдеңелерден құлап жүреді. Бәрі сынып тұр, арасында азаматтар шығып әр жерінен бұрап, жөндеп қояды. Өзімізде жақсы алаңқайлар болмаған соң жан-жақтағы көрші үйлерден іздеп жүреміз.

Ал жаңа алаңқайдың машақатын көріп отырғандар “балаларымызбен бірге өзіміз де демалып қалдық” дейді. Өйткені ескісінен құтылғанша әр жерге шағымданыпты.

Еркебұлан ТАБАНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ескі болған, вообще опасный болған. Бір шеті қисаяды качеляның, бір шеті түсіп кеткен. Вообще істемейді. Міне осы биыл бітіріп берді, барлығы жақсы. Балаларға да удобно, үлкен кісілерге де…

Дәрігерлер ауруханаға алаңқайда жүріп жарақат алатын балалалар жиі келетінін айтты. Әсіресе ескіріп, шаң мен тат басқан заттардан зардап шексе, ондағы инфекциядан іріңдеу қаупі де жоғары болады дейді.

Мұхтар АХМУРЗАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ №2 БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ, ТРАВМАТОЛОГ:

Келген әр баланың екіден бірі сол аулада құлап, соғылып, жарақат алып жатқан балалар ғой. Көбінесе бас жарақаты бірінші орында, әрине биіктен құлаған соң баспен бірінші құлайды балалар, иық жарақаттары, қол-аяқ жарақаттары немесе кесіп алады сонда тұрған заттарға. Сондай түрлі жарақаттармен келіп жатады.

Негізі ойын алаңдарын тиісті мердігер ұйымдар жөндеп, қалпына келтіріп отыруы керек. Ондай жұмыстарды жүргізу мүмкін болмаған жағдайда жаңасына ауыстыруға міндетті.

Бекзат АСАН, "АЛМАТЫ" АУДАНДЫҚ АБАТТАНДЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Ойын алаңдарының сапасы мен қауіпсіздігі тиісті сертификаттармен расталады. Сондай-ақ балалар ойын алаңдарындағы элементтердің қауіпсіздігі аймағына сәйкес орнатылады. Және де өзіміз, осы Алматы ауданы аппаратының жұмысшылары мониторинг жасап, 7 күн ішінде бүкіл жұмыстар жүргізіледі.

Ата-аналар да, мердігерлер де жауапкершілікке мұқият болса игі. Әйтпесе алаңда алаңсыз ойнап жүрген балаға кесірі тиюі мүмкін.