Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Премьер-Министр Жыланды кенішінде болып, сала қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мереке – Шахтер күнімен құттықтады. Оларға Президент атынан мемлекеттік марапаттарды табыс етті. Сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясы»-ның басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің компанияның ағымдағы қызметі, инвестициялық бағдарламалары, даму жоспарлары, әлеуметтік жобалары мен ел ішіндегі құндылықты дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады. Облыс өнеркәсіптің өткен жылғы көрсеткіштерімен салыстырғанда 7% өсіммен елімізде 4-орында тұр. Премьер-Министр қарқынды төмендетпеуді тапсырды және одан әрі өсу үшін қолда бар резервтерге назар аударды.