$478.93 €534.96 ₽5.16
×

"Тәжікстан Үкіметі Қазақстанмен ықпалдастықты тереңдетуге басымдық береді",- Тәжікстан премьер-министрі

23.08.2024ж. 20:00
281
"Тәжікстан Үкіметі Қазақстанмен ықпалдастықты тереңдетуге басымдық береді",- Тәжікстан премьер-министрі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарының екінші күні Тәжікстан Маджлисинің Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесуден басталды. Олар өзара Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылғанына назар аударып, бұл екіжақты ынтымақтастықтың мүлдем жаңа кезеңіне бастау болатынын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы арқылы алға қарыштап қадам басамыз. Президент, құрметті Эмомали Рахмонның парламентаралық байланысты жандандыру туралы ұсынысын қолдаймын. Өзіңізді еліміздің шынайы досы ретінде білеміз. Өйткені Сіздің студенттік шағыңыз Қазақстанда өтті. Сондықтан біздің байланысымыз парламенттер деңгейінде жанданып, екіжақты ынтымақтастық пен одақтастықтың ең маңызды бөлігіне айналады деп үміттенеміз.

Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының спикері екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан ПРезидентіне ризашылығын білдірді.

Махмадтоир ЗОКИРЗОДА, ТӘЖІКСТАННЫҢ МАДЖЛИСИ НАМОЯНДАГОН МАДЖЛИСИ ОЛИ ТӨРАҒАСЫ:

Өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын. Президентіміз, құрметті Эмомали Рахмонмен шынайы достығыңыз мемлекеттеріміздің арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен татулықты нығайтуға қызмет етіп келеді. Қазақстан – Тәжікстанның сенімді досы, стратегиялық серіктесі. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Біз бұған ерекше мән береміз. Сапар аясында 16 құжатқа, соның ішінде тарихи мәні зор Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды.

Содан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті. Әңгімелесу барысында Президент қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің санқырлы ықпалдастығын жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кеше жан-жақты және мазмұнды келіссөз жүргізілді. Оның нәтижесі де көңілден шығады. Бизнес-форумды жоғары деңгейде өткізуге қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Жалпы құны 1 миллард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Бұл – қуантарлық жайт. Біз кеше өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге келістік.

Өз кезегінде Кохир Расулзода Тәжікстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, кейінгі жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастық жандана түскеніне тоқталды.

Кохир РАСУЛЗОДА, ТӘЖІКСТАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Тәжікстан Үкіметі Қазақстанмен ықпалдастықты тереңдетуге басымдық береді. Сіздің еліңіз біз үшін маңызды сауда серіктес. Ондаған жылдар бойы Қазақстан сыртқы сауда айналымы бойынша тұрақты түрде негізгі рөл атқарып келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықта тауар айналымы ұлғайды. Өсім көрсеткіші 20 пайызға жуықтады. Сіз екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізуді тапсырдыңыз. Бұл – орындауға болатын міндет.

Кездесу соңында тараптар келісілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың, сондай-ақ өндірістік кооперациядағы және сауда-экономика, көлік-транзит салаларындағы әлеуетті толықтай пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.