$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жер мен Марсты салыстырды: Павлодарлық оқушы Қытайдан қос медаль әкелді

AstanaTV
23.08.2024ж. 17:15
211
Жер мен Марсты салыстырды: Павлодарлық оқушы Қытайдан қос медаль әкелді

Халықаралық жер ғылымдары олимпиадасына 35 елден 200-ден аса оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің мәліметінше, Қазақстанның намысын төрт қатысушы қорғады, олардың үшеуі – NIS оқушылары. Олардың ішінде павлодарлық NIS 12-сынып оқушысы Әлім Әнуар бар. Ол командалық есепте күміс жүлдеге, ал жеке сайыста қола жүлдеге ие болды.

Халықаралық жер ғылымдары олимпиадасы (IESO) – орта мектеп оқушылары арасында геология, метеорология, геофизика, мұхиттарды зерттеу ғылымы және астрономия пәндері бойынша жыл сайын өткізілетін сайыс. Олимпиада 2007 жылдан бастап ұйымдастырылады. Қазақстанның жас геологтар командасы аталған байқауға 2015 жылдан бері қатысып келеді.

– Байқау үш бағытта өтті: жеке тестілеу, халықаралық далалы жерлерді зерттеу және Earth System Project жобасын қорғау. Океонология, метеорология, экология тараулары бойынша тесттік сұрақтар болды. Тәжірибелік бөлімде Пекин тауларына барып, геологиялық балғамен тастарды жарып, жер бедеріне байланысты сұрақтарға жауап бердік. Командалық есепте басқа елдерден келген қатысушылармен бірге Жер мен Марс планеталарында өмір сүру қолайлылығын салыстырдық, – дейді Әлім Әнуар.

Оның тобында Франция, Корея, Эстония, Тайвань, Шри-Ланка елдерінен қатысушылар болған.

– Қытай елінің мәдениті мен өркениетінен сыр шертер бағдарламалар мен сапарлар ұнады. Бұған дейін халықаралық жарыстарға қатысқан емеспін. Сондықтан мен үшін басқа қатысушылармен бәсекеге түсе алатынымды білгім келді, – дейді ол.

Жас өрен Қытай құрамасы мен Шығыс Азияның басқа елдері жоғары нәтиже көрсеткенін, себебі, бұл елдерде жер туралы ғылым, математика, химия пәндері сияқты маңызды пән болып табылатынын айтады.