$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Астана студенттері хостел мен пәтер жағалап жүр

Астана студенттері хостел мен пәтер жағалап жүр

Жыл сайын Астанаға келетін студенттер саны артқан сайын жатақхана тапшылығы сезіліп жатыр. Қазір елордада 40-тан аса студент үйі бар. Ол 16 мың орынға арналған. Жатақханаларға ең алдымен бірінші курс студенттері орналасып жатыр. Ал қалғаны ше? Қайда барады, қайда тұрады? 

Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

- Алло, саламатсыз ба! Жарнама бойынша хабарласып тұр едім. Пәтерді барып көрсем бола ма?
- Саламатсыз ба! Иә. Кім-кім тұрасыздар?
- 5 қыз болып тұрамыз. Бағасы қанша?
- Әрқайсысына 50 мың теңге.
- Кешіріңіз, қымбат екен. Кешелі бері әлеуметтік желіден пәтер іздеп сабылып жатырмыз. Жалдамалы баспананың бағасы күн өткен сайын қымбаттап жатыр. Оған себеп қалада студенттер көбейді. Жатақханаға сыймаған жастар мен секілді хостелдер мен пәтер жағалап кетті.

Досжан мен Самат та екі күннен бері уақытша баспана іздеп жүр. Жатақханадан дәмелі болып келген жастар дәл қазір қайда барарын білмей дал. Олар оқу орнының ұсынған бірнеше хостелге бас сұққан, алайда бағасына сапасы сай келмей тұр, дейді.

ДОСЖАН, СТУДЕНТ:

Биыл бірінші курстардың көбейгеніне байланысты бізге жатақхана берген жоқ. Бізге айтты, типа бірінші курстар тым көп. Сондықтан ешқайсыларыңа жатақхана жетпейді. Хостелдерге барып көріңдер деп біраз хостелдердің адрестерін берді.

САМАТ, СТУДЕНТ:

Былтыр жатақханада тұрғанбыз, ендігі орын жоқ. Студенттердің көбейіп кетуіне. Бірінші курсқа 5 мыңнан астам студенттер түскен. Алдыңғы жылы одан аз еді. Осы жылы екі есе көбейген. Бірінші курс қабылдап бітеді, одан кейін орын қалса береміз деген. Бірақ орын жоқ, бітіп қалыпты.

Расында барлық жоғарғы оқу орындары ең алдымен бірінші курстың студенттерін қабылдап жатыр. Алайда олар да «Алма піс, аузыма түс» деп жатқан жоқ. Өздері іздеп, 2-3 күннің ішінде жатақханаға орналасып алуға тырысуда.

Эльвира ҚАЙРАТҚЫЗЫ, СТУДЕНТ:

Келгеніме бір-екі аптадай болып қалды. Сол уақыттарда мен жатақхана туралы іздестіре бастадым. Қандай құжаттар керек, адрес барлығын өзім іздестіріп, сонымен зерттеп, сосын бірақ келдім мұнда. Мен өзім бұл жерге ата-анасыз келдім. Өзім жалғыз. Сондықтан бір жағынан қиынырақ болды, оңай болған жоқ. Бұл зданиенің өзін табу маған қиынға соқты. Документтер көп, адамдар көп. Сондықтан асығыстау, қиындау болды.

Жатақхана тапшылығы бүгін немесе кеше туындаған мәселе емес. Біраз уақыттан бері бұл проблема ауылдан қалаға келген бала мен ата-ананың бас ауруына айналған. Мүйізі қарағайдай университеттердің өзі осы мәселені түбегейлі жоя алмай келеді.

Азамат ЖҰМАТАЕВ, ЕҰУ СТУДЕНТТЕР ҮЙЛЕРІ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл тек ғана біздің университет емес, Қазақстан бойынша университет жеткіліксіздігі бұл қазіргі басты назардағы мәселе болып тұр. Жатақхана жетіспеушілік мәселесін біз министрлікпен және қаржы орталығымен бірлескен жобамен шешіп жатырмыз. Біздің университеттің келісімі арқылы жүзеге асып жатқан 8 жатақханамыз бар. 1500-ге тарта студентті біз жекеменшік жатақханамен қамтамасыз етіп отырмыз.

Былтыр елімізде 19 мыңнан аса студент жатақханасыз қалған болатын. Ал биыл бұл көрсеткіш әлі нақтыланбады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, барлық жоғары оқу орындары жанынан ситуациялық және дағдарыс орталықтары ашылған. Олар жолдан келген баланың далада қалмауына жағдай жасайды.