Президенттің айтуынша, Париждегі бәсеке олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі қолдау маңызды екенін көрсетті
Өйткені кейбір спортшыларымыз жеңіс тұғырына қолсозым жерден тоқтады, үздік ондықтан көрінді. Бұл олардың шеберлігін әрі жеңіске деген ерік-жігерін байқатады. Әйтсе де, Мемлекет басшысының пікірінше, кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық.
– Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұқаралық, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортына баса мән беру қажет екенін айтты.
– Бұл – өте маңызды міндет. Себебі бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз. Сондықтан мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлуде, яғни балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің аймақтарында 20 мыңнан астам спорт алаңдары жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешендер мен залдар бар. Осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуге тиіс және спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс, – деді Президент.