$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Монша салып, ата-анасының атына рәсімдеген": Шымкентте жиналыс кезінде ұсталған шенеунік 9 жылға бас бостандығынан айырылды

AstanaTV
27.08.2024ж. 16:25
256
"Монша салып, ата-анасының атына рәсімдеген": Шымкентте жиналыс кезінде ұсталған шенеунік 9 жылға бас бостандығынан айырылды

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сот отырысында ұсталған шенеунікке қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Соттың дерегіне сенсек, тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуге және олардың сейсмикалық төзімділігіне технологиялық сараптама жүргізуге бөлінген 367 миллион теңгеден астам қаржыны ұрлады деп айыпталды.

Тергеушілердің айтуынша, ол ұрланған ақшаны монша кешенін салып, оны ата-анасының атына рәсімдеген, сол себепті оған да қылмыстық кірісті заңдастыру бабы бойынша айып тағылған. Онымен бірге ақшасын қайтарып алған жеке кәсіпкер ұрлық жасағаны үшін сотталды.

"Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, ҰҚК қорытындысымен, мамандар мен сарапшылардың қорытындыларымен, сондай-ақ іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен дәлелденді", – деді сот.

Шенеунік мүлкін тәркілеумен 9 жылға, ал кәсіпкер 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, сотталушы биыл ақпан айында ұсталған. Әкім Ғабит Сыздықбеков бастаған жиында сыбайлас жемқорлықпен күресушілер оны бірден қолтықтап алып кетті. Видеоны қала әкімі Instagram парақшасында жариялады.