$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырау облысы мектептері жаңа оқу жылына толық дайын емес

27.08.2024ж. 20:00
338
Атырау облысы мектептері жаңа оқу жылына толық дайын емес

Атырау облысы мектептері жаңа оқу жылына толық дайын емес. Былтыр аяқталауы тиіс екі мектептің күрделі жөндеуі әлі біткен жоқ. 10 мектеп үш ауысымда балаларды қабылдайды. Одан бөлек 43 мектептің 4 мыңнан астам оқушысы өзге білім ордаларына автобус арқылы тасымалданады. 

Бұл – қаладағы Қаныш Сәтпаев атындағы №19 мектеп-гимназиясы. Күрделі жөндеу былтыр қарашада аяқталуы тиіс еді. Ақ жағалылар пайдалануға беру мерзімін әлсін-әлсін кейінге шегерді. Мұнда тағы білім күнінде де алғашқы қоңырау соғылмайды. Қазір жауапсыз мердігер мекемемен арада сот процесі жүріп жатыр. Демеушілікпен қолға алған құрылыс компаниясының он шақты жұмысшысы әр жерде ішкі жұмыстармен айналысуда.

НҰРГҮЛ ӨРБЕСІНОВА, Қ.СӘТБАЕВ АТЫНДАҒЫ №19 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Жасалмаған әктеу жұмыстары бар. Сосын өткенде су кеткен жерлер бар. Сосын отопление жүйесі дұрыс емес, жылынбайтын жерлері бар. Сосын кәріз бойынша жұмыстар бар. Бұрынғы мердігер жасамай кеткен жерлерін істеп жатыр.

Осының барлығын 2 ай ішінде аяқтап, қарашада мектеп ашылады,-дейді жауаптылар. Жөндеуі сағызша созылған №4 шипажайлық мектеп-интернат оқушылары да былтырғы сәуірден бері әр жерде оқып жүр. Бұдан бөлек биыл 10 мектепте күрделі жөндеу басталды: 5-еуі жаңа оқу жылында бала қабылдайды. Қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Осылайша аймақта 3 ауысымда білім беру проблемасы әзірге шешілмей тұр.

МАРАТ ӘБУОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

10 мектебіміз 3 ауысымда оқып отыр. Оның ішінде Ломоносов пен Ыбырай Алтынсарин мектептер де бар. Жалпы 10 3 ауысымды мектептің мүмкіндігі бойынша 13 мыңның үстінде бала қабылдайтын болса, яғни қазір 20 мыңның үстінде, яғни 6 мың 600 баланы артық қабылдап отыр.

Құлсары қаласындағы 11 білім беру ұйымы су астында қалған еді. 7еуіне ағымдағы, біреуіне күрделі жөндеу қажет. Ал мүлдем жарамсыз қалған екеуі бұзылып, жаңасы салынады. Салдарынан бұрыннан да әр ғимаратты жағалап жүрген Білім-Инновация мектебі оқушыларын орналастыру жұмысы жүріп жатыр. Айта кетейік, қаладағы қайта салынуы тиіс нөмірі 10-шы мектеп бойынша да жұмыс сол күйі басталған жоқ. Нәтижесінде 43 мектептің 4 мыңнан астам оқушысы өзге білім ордаларына автобус арқылы тасымалмен оқиды. Ол үшін қосымша 21 автобус сатып алынбақ.