$494.87 €520.65 ₽4.91
×

2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну сағатына 152,4 миллиард киловаттқа жетеді

27.08.2024ж. 20:00
359
2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну сағатына 152,4 миллиард киловаттқа жетеді

Ауаның ластануымен күресетін тиімді жолдардың бірі – атом электр станциясын салу. Бұл - сарапшылардың пікірі. Қазір Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 70 процентінен астамы көмірмен байланысты. Сондықтан АЭС ауаға бөлінетін улы шығарындылардың азаюына септігін тигізбек. Мамандар тағы не дейді? Станцияның тағы қандай артықшылықтары бар? Тілшіміз Мөлдір Жақан сарапшылардың пікірін білді. 

Қазақстанда АЭС салынуы мүмкін деген күннен-ақ бұл идеяға күмәнмен қарайтындар жоқ емес. Әрине, ең әуелі олар қауіпсіздік мәселесін ойлайды. Дегенмен бұл тұрғыда сарапшылар алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Заманауи атом электр станциялары апат қаупін барынша азайтатын көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Оны жобалау, салу және пайдалану қатаң халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

ЕРБОЛАТ ҚОЯНБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЯДРОЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

АЭС қалыпты жағдайда жұмыс істеген кезде экологияға әсері болмайтыны ешқайсының күмәнін тудырмайды. Ешқандай зиянды материалдарды ауаға шығармайды. Қалыпты жағдайда реакторлардан шығатын радиактивті материалдар реакторларда қалады. Технологиялар жылдан жылға дамып жатыр.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бұл- отандық уран таблеткалары. Үлбі металлургия зауытында өндіріледі. Егер Қазақстанда АЭС салынса, зауыт станцияны ядролық отын және оның компоненттер імен толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл өз кезегінде энергетикалық қауіпсіздікті нығайтады. Оның үстіне экономикалық тұрғыдан да тиімді болмақ.

ӘСЕТ МАХАМБЕТОВ, «ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ҰАК» АҚ ЯДРОЛЫҚ ОТЫН ЦИКЛІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

«Қазатомөнеркәсіп» уран өндіруі жағынан дүниежүзінде бірінші орынды алып келеді. Бұдан басқа шикізат түрінде ғана емес, 2021 жылдан бастап дайын отынды, яғни, жылу бөлгіш құрастырмаларын «Қазтомөнеркәсіп» Үлбі металлургиялық зауытының территориясында шығара бастады. Жылу бөлгіш құрастырмалары қазіргі таңда ҚХР АЭС-не экспортталады.

Қазір әлемде 415 ядролық энергетикалық реакторлар жұмыс істейді. Тағы 60-ы салынып жатыр. Ең көп атом электр станциялары АҚШ-та орналасқан. Одан кейін Франция, Қытай, Жапония, Ресей және Оңтүстік Корея тұр.

АҚШ – 94, Франция - 56, Қытай - 56, Жапония - 12, Ресей – 36, Оңтүстік Корея - 26.

Дәурен ӘБЕН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Әрине, егер елімізде атом технологиялары дамып, атом энергиясын беретін мақсаттарда пайдалансақ, Қазақстанның әлемдегі деңгейін көтереді, ықпалын арттырады десек, артық болмас. Қазақстанның халықаралық деңгейде қабылдаған міндеттемелері бар. Ауаға шығатын лас заттардың көлемін азайту керекпіз. Лас заттардың шығуының азайтудың тиімді жолдарының бірі – АЭС салу.

Соңғы 50 жылда атом электр станцияларында энергия өндірудің арқасында 60 Гт-тан астам СО2 шығарындыларын болдырмауға мүмкіндік алдық.