Ал атом энергетикасындағы озық компаниялар KazAtomExpo халықаралық көрмесінде бас қосты. Олар тәжірибелерімен бөлісіп, жоспарларын жариялады.
Халықаралық көрмеге «Қытай ұлттық ядролық корпорациясы», «Кореяның су және ядролық энергетикалық корпорациясы», «Électricité de France», сондай-ақ ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының өкілдері келді. Олар өздерінің инновациялық жобаларын таныстырып, тәжірибелерімен және атом энергетикасын дамыту жоспарларын жария етті. Референдум нәтижесінде халық Атом электр станциясын салуды қолдаса, осы компаниялардың бірі елімізде қуат көзін өндіретін станцияның құрылысын бастауы мүмкін.
АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Өздеріңіз білетіндей, бұл көрме Қазақстанда АЭС салу бойынша жалпыұлттық республикалық референдум өткізу қарсаңында өтіп жатыр. KazAtomExpo көрмесі атом энергетикасын дамытудың маңыздылығын және энергияның негізгі көзі ретінде атом электр станцияларының қажет екенін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндікті бізге шетелдік әріптестеріміз, яғни озық ядролық технологиялары бар елдер ұсынып отыр.
Жауаптылардың айтуынша атом электр станциясын салып беретін вендорға тәуелді болып қалмау үшін өзіміздің мамандарды даярлауға екпін қойылады. Сондай-ақ, ауқымды жұмысқа жергілікті өндірістер мен жұмыс күші тартылатын болады.
ҒҰМАР СЕРҒАЗИН, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІБІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бізде АЭС-ті басқара алатын кадрлық әлеует тапшы деп айтуға болмайды. Министрлікке қарасты екі мықты институт бар - Ядролық физика институты және Ұлттық ядролық орталығы. Бұдан бөлек, еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарын жыл сайын жас тамандар тәмамдап жатыр.
Қазақстан уран өндіруде әлемде бірінші орында тұр. Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев АЭС-ті салатын вендорға елімізде шығатын отынды пайдалану керек деп талап қою керек дейді. Сонда энергия бағасы әлемдегі ең арзан қуат көзі болмақ.
САЯБЕК САХИЕВ, ҚР ЭМ «ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫ» ШЖҚ РМК БАС ДИРЕКТОРЫ:
Мен ең арзан баға болатынына сенімдімін. Еліміз уран қоры бойынша Аустралиядан кейін екінші орында. Бас кезде вендор өз елінде шығарылған отынды әкелетіні сөзсіз. Кейіннен біздің отын пайдалануы керек.
Assystem компаниясы 60 жылдан астам уақыт ядролық физика саласында қызмет етуде. Ұлыбритания, Франция мен Чехияда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар, Қытай ұлттық ядролық корпорациясы да жасыл энергияны өндіруші алпауыттардың бірі саналады. Кәсіпорын басшысы Чао Ган қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударатынын жеткізді.
ЧАО ГАН, "CNOS" КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің коорпарация қауіпсіздік мақсатында арнайы әзірленген белсенді және пассивті жүйелер әзірледі. Әсіресе Фукусимамен болған оқиғадан кейін барлық пікірлер ескерілді. Біздің бағдарлама қауіпсіздікті сақтау үшін көптеген критерийлер бар, мысалы, сейсмикалық жағдайға да төтеп бере алады.
Аспан асты елінің мамандары өз технологияларымен бөлісуге дайын екенін айтты. Қазір Қытайда 57 атом электр станциясы жұмыс істейді. Тағы 47-сінің құрылысы жүруде.