Оралдағы темір жол өткелінің жөндеуге жабылуы қаладағы көлік
қозғалысын қиындатты. Жолаушылар қатары күрт азайғандықтан, тасымалдаушылар
күнделікті табысының екі есеге қысқарғанын айтып отыр. Бұған қоғамдық көліктер
бағытының қайталануы себеп болған. Жолаушы үшін жанжалдасқандар туралы Еркін Кариннің материалында.
Еркін
Карин, тілші:
Бұл
темір жол өткелімен 20 шақты бағыттағы автобустар қатынайтын. Енді көпір
жабылғалы бері қоғамдық көліктер басқа көшелермен айналып өтетін болды. Бағыты
өзгерген автобустардың жолаушыларына ортақтасқан тасымалдаушылар арасында
осылайша дау шықты.
Қазір
күнделікті табыс екі есеге азайды. Егер көпірдің әлі екі жыл жөнделетінін
ескерсек, көп ұзамай шығынға батып, тақырға отырамыз, дейді тасымалдаушылар.
Александр
Баклан, жолаушы
тасымалдаушы кәсіпорын директоры:
Көпір жабылғаннан кейін автобустардың жүрісі қалай өзгеретінін бізбен ешкім ақылдаспады. Мұны жергілікті ақпарат құралдарынан ғана білдік. Мұнымен келіспейтінімді білдіріп, прокуратураға арыз жаздым. Өйткені біздің автобустардың жүрісін енді басқа маршруттар қайталайды. Осыдан кейін жолаушылар азайып, табысымыз екі есеге төмендеді.
Қазір бағыты өзгерген автобустар бір-бірінің маршрутын 60 пайызға қайталайды. Әрі жолаушы тасымалына тендер өткізілгенде қозғалыс бағыты толық көрсетілген. Сондықтан оны өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ, деген тасымалдаушының прокуратураға жазған арызы нәтижесіз болмапты.
Нұрсәуле Хамзина, Орал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
Егер де өзгертілген маршруттардың жүргізушілері өзіне тиесілі емес немесе рұқсат етілмеген аялдамаларға тоқтайтын болса, оларға жол полициясы басқармасы айыппұл салады. Немесе тасымалдаушы кәсіпорын басшысына ескертпе беріледі. Әзірге бір-екі арыз-шағым түсіп жатыр. Қазір сол арыз-шағымдар бойынша жұмыстанудамыз.
Жолаушы үшін болған жанжалдан өзге де мәселе жетіп артылады. Мәселен, көпірдің іргесінде тұратын қалалықтардың әбден тынышы кеткен. Олар өткелді бұзып жатқан арнайы техниканың шуы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды деп отыр.
Мәрия Әдекенова, Орал қаласының тұрғыны:
Үйдің бәрі жарылып кетіп жатыр. Енді құлайтын болар, білмеймін тіпті. Еденге дейін қозғалады, ұйықтатпайды тіпті. Өзіміз қорқып отырмыз қабырға құлап, төбемізден түсе ме деп. Дірілдетіп өлтіріп барады. Қазір ештеме емес, жазда шаң болады, терезе аша алмаймыз.
Еркін Карин, тілші:
Осыған дейін хабарлағанымыздай,
Оралдағы локомотив депосы ауданындағы темір жол көпірі 1 наурыздан бастап екі
жылға жөндеуге жабылды. Жүргізушілері
ұзындығы 500 метрден асатын өткелді екі жыл салу жайбасарлық деп қынжылады. Ал
мамандар жөндеудің ұзаққа созылу себебін көпір астымен пойыз өтетіндігімен
байланыстыруда. Өткелді бұзу үшін ғана 4 ай кетеді екен. Бұл іске қажетті 2,3
млрд теңгені Қарашығанақ кенішін игеріп
жатқан компания бөліпті. Осыдан жарты
ғасыр бұрын салынған көпір күрделі жөндеу көрмеген.