$498.34 €519.72 ₽4.85
×

ШҚО 27 гидроқұрылымның жағдайы сын көтермейді

AstanaTV
16.03.2017ж. 20:00
2451
ШҚО 27 гидроқұрылымның жағдайы сын көтермейді

Шығыс Қазақстанда гидротехникалық нысандар тексерістен өткізілді. Өңірдегі 222 құрылымның 125 республикалық меншікте болса, өзгесі жекенің қолында. Бөгеттер мен су арналарында жүргізілген түгендеу барысында 63 құрылымда тиісті құжаттардың жоқтығы анықталды. Яғни иесіз қалған. Ал 25 су арнасы күрделі жөндеуді талап етеді.

Анықталғандай, соңғы үш жылда республикалық меншіктегі гидротехникалық нысандардың бір бөлігі ғана жөндеуден өткен. Бұл шаруаға бюджеттен 6,2 млрд теңге жұмсалды. Былтыр тағы 7 құрылымды қалпына келтіру мақсатына қосымша 6,9 млрд теңге бөлінген. Табиғи ресурстар басқармасының мамандарын олардың қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.

Мұрат Құсайынов, ШҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Жағдайы сын көтермейтін 27 гидротехникалық нысанға бюджеттен 102 млн теңге сұрап отырмыз. Бұл ақшаға техникалық жөндеу жүргізілмек. Өңірдегі барлық гидротехникалық құрылымдарда ескерту шаралары жүргізіліп жатыр. Тәулік бойы кезекшілік қойылды. Тасқын қаупі кезінде барлық жерде бекеттер орнатылып, хабарлама құралы қойылмақ. Яғни телефон және радио байланыс болады.

«Шығыс су қоймалары» кәсіпорнының басшылығы ай соңына дейін гидроқұрылымдардың әзірлігін растайтын куәлік тапсыруға міндетті. Әр аумақ бойынша сақтық шаралары жоспарын дайындайды. Тасқын қаупі жоғары кезде барлық су шаруашылықтарына тәулік бойы бақылау жүргізілмек. Елді мекендерді қызыл су шайып кетпес үшін, тау өзендеріндегі су тораптары қалыпқа келтіріледі. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 261 млн теңге бөлініп отыр. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ