$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда газ бағасы бірден 30 пайызға өспек

AstanaTV
16.03.2017ж. 20:00
2513
Қызылжарда газ бағасы бірден 30 пайызға өспек

Қызылжарда коммуналдық тарифтердің қымбаттауы тыйылар емес. Су мен жылуға қосылып, енді газдың да құны өспек. Шикізатпен қамту компаниясы тарифті бірден 30 пайызға көтеруді көздеп, табиғи монополияны реттеу департаментіне өтініш жіберген. Бүгін бұл мәселе қоғамдық тыңдалымға шығарылды. Жұрттың пікірін тілшіміз Абзал Құрманкин тыңдап қайтты.

Қаланы газбен қамтамасыз етіп отырған «Горгаз» серіктестігінің 55 мың абоненті бар. Тариф соңғы рет бір жыл бұрын 5 пайызға көтерілген. Бірақ бұл компанияны құтқармапты. Қарызға белшеден батқан коммуналдық кәсіпорын 40 миллион теңгеден аса шығынды ақтау үшін енді тарифті  көтермек. Бұдан бөлек, монополист өнім бағасының қымбаттауын да себеп қылып отыр.

Дмитрий Суворов, «Горгаз-Сервис» ЖШС басшысының орынбасары:

Газдың бір текше метрін 429 теңгеден 556-ға  өсіруді жоспарлап отырмыз. Себебі сұйылтылған газ өңдеу компаниялары бағаны көтеріп жіберді. Қазір тоннасын 28 мың теңгеден сатып алып жүрміз. Қысты күні бізге таза техникалық пропанды пайдалану керек. Ондай өнімді тек Теңізшевройл ғана өндіреді. Демек, пропанды мемлекетпен бекітілген бағамен емес, нарықтық бағамен сатып алуға тура келеді.

Монополисттердің уәжін тыңдаған тұрғындар оның бірқатар тұсына наразылық білдірді. Мәселен, компания «өзге де шығындар» деген тармаққа 45 миллион теңге жазып қойған. Артынша "бұл сома цистерналарды жалдауға жұмсалды" деп түсіндірді. Қоғамдық тыңдауға қатысушылар болса, жиынды жасырмақ ойынға теңеді.

Николай Завьялов, тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының мүшесі:

«Горгаз» өзге де шығындарға 45 миллионды жазып қойған. Тарқатып жазу керек қой! Неге онда 47 немесе 147 миллион теңге жазбаған? Оның бәрі тарифке енгізіледі. Яғни монополист компания табысты ұлғайту үшін шығынды аспандатып қойған. Газ бағасын  бірден 30 пайызға көтеру деген не сұмдық? 15-20 пайызға өсірсе, бір сәрі.

Монополияларды реттеу департаментінің өкілдері коммуналдық кәсіпорынның кейбір дәлелдерімен келісіп отырған көрінеді. Алайда, тарифтің қалай өзгеретінін ашып айтпады.

Арман Өтегенов, СҚО бойынша ТМР және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментінің жетекшісі:

Өсуінің себептері - бұл Ақтөбе қаласынан өнімді сатып алу және алып келу, жалақыны көтеру және басқалары. Нәтижелерді осы айдың аяғында айтамыз. Енді негіздері бар. Осы айдың аяғында шешім шығарамыз.

Абзал Құрманкин, тілші:

Айдың аяғына дейін жарық жырына да нүкте қойылмақ. Энергетиктер өткен жылдың желтоқсан айында тарифті 5 пайызға көтеруге өтініш білдірген еді. Алайда, әділет министрлігі оларға құжаттарға байланысты бірқатар талап қойып, монополисттердің арызын қабылдамай қойды. Енді бүкіл олқылықтарды жойған жауапты мекеме жарық бағасын қымбаттатуға қайтадан ынта білдіріп отыр.

А.ҚҰРМАНКИН