$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Ата заңға жасалған ауқымды өзгерістер қоғамның дамуына қомақты үлес қосты",- сарапшы

29.08.2024ж. 20:00
322
"Ата заңға жасалған ауқымды өзгерістер қоғамның дамуына қомақты үлес қосты",- сарапшы

Ертең қазақстандықтар ең маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі-Конституция күнін атап өтеді. Ата заңымызға 29 жыл толмақ. Осы уақыт аралығында заңға бірнеше түзетулер енгізілді. Соның соңғысы осыдан екі жыл бұрын, көпшіліктің талқылауымен жүзеге асырылды. Сарапшылар референдумнан кейін енгізілген өзгерістер қоғамның дамуына қомақты үлес қосты дейді.

Осыдан екі жыл бұрын Референдум аясында көпшілік Конституцияға өзгерістер енгізуге қолдау білдірді. Соның негізінде 33 бапқа 56 түзету жасалды. Сондай-ақ, Президент бір мерзімге 7 жылға сайланып, Парламенттің құзыреті артты. Мәжіліс қабырғасында көппартиялы жүйе қолданысқа енді. Бұл әр депутаттың белсенді жұмыс істеуіне үлес қосты- дейді халық қалаулылары.

БОЛАТ КЕРІМБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

8-шақырылым депутаттары осы заман талабына сәйкес реформалардың нәтижесінде қалыптасты деуге де болады. Өйткені сайлау арқылы 70 пайызы партиялық тізіммен, 30 пайызы бір мандаттық округтардан сайланды. Және тағы бір ерекшелігі, бұрын аудан депутаттары партиядан өтіп алып, партияға арқа сүйеп жүретін. Қазір партиядан ұсынылса да өзін көрсете білген азамат қана бір мандаттық округта депутаттыққа ие бола алады.

Мәжіліс депутаттарын ғана емес, облыстық маслихат депутаттарының тең жартысын, аудандық мәслихаттардың 100 пайызын тікелей халықтың дауыс беруімен сайланатын болды. Сондай-ақ, ауқымды өзгерістердің нәтижесінде заңды Мәжіліс қабылдап, Сенаттың мақұлдау тәртібі енгізілді. Бұдан бөлек, сайлаудық мажоритарлық жүйесі қайта пайда болды.

ЖАНАР САНХАЕВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Осы референдумда Конституцияға жасалған өзгерістер еліміздің саяси жүйесінің ашықтығын кеңейтуге бірнеше үдерісті енгізді. Ауыл және аудан әкімдерін халықтың таңдауы соның дәлелі. Бұл дегеніміз, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне үлес қосады.

Референдум нәтижесінде елімізде Конституциялық сот жүйесі қайта жасақталды. Қазір бұл органның құрылғанына 1 жыл 8 айдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде әділдік сұрап 7500-ден астам адам өтініш білдірген. Оның мыңға жуығы елдегі нормативтік актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы болған. Сондай-ақ 250-ден астам өтінімге шешім шығарылған. Салтанат Нұрымова бұл – мемлекеттің азаматтардың құқығын қорғауға мүдделі екенін айғақтайды дейді.

САЛТАНАТ НҰРЫМБЕТОВА, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТЫ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Практика жүзінде 50-ге жуық адамдар осы конституциялық соттың негізінде құқықтарын қалпына келтіруде. Азаматтардың көбінесе көтеретін мәселелері - ол конституциямен кепілдік берілген құқықтар. Яғни, заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі, ол қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу мәселелері.

Сонымен қатар, Конституциядағы өзгерістерден кейін көптеген заңдар жетілдірілді. Соның арқасында елімізде демократиялық құндылықтарды бекітетін нормалар қабылданды,- дейді сарапшылар.