Елімізде соңғы 5 жылда қолды болған заттардан келген шығын көлемі 70 миллиард теңгеден асып жығылады. Бұл туралы Бас прокурордың төрағалығымен өткен үйлестіру кеңесінде айтылды. Ал, соңғы 25 жылда орын алған 2 млн-ға жуық ұрлық оқиғасының 1,5 млн-ы ашылмапты. Қарақшылықтың кәдімгі бизнеске айналғанына алаңдаған Бас прокуратура қылмыс санын азайтудың «жол картасын» ұсынды. Онда бас-аяғы елуге жуық нақты іс-шаралар қамтылған. Прокурорлар халықтың құқық қорғау органдарына сенуден қалғанын айтып отыр.
Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:
Неге
сенбейді? Себебі тіркелген ұрлықтың 70 пайызы ашылмай жатыр. Әсіресе халыққа
ауыр тиетіні - мал ұрлығы. Әр адам малын, басқа мүлкін қалай қорғауы керек, біз
соны қарапайым тілмен жеткізуіміз керек.
Бас прокурор күзет агенттіктері бақылауға алған жерлерде ұрлық орын алса, оларға
қатаң жаза қолданып, тіпті лицензиясынан айыруды ұсынды. Ал ұялы телефон
ұрлығына қатысты Аустралия тәжірибесін енгізу керек, дейді. Яғни жоғалған
телефонның қожайыны имейл кодты ұсынса, телефон бұғатталады. Бұл телефон
ұрлауды тиімсіз етпек.