$494.87 €520.65 ₽4.91
×

АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумның өтетін күні белгілі болды

02.09.2024ж. 20:00
705
АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумның өтетін күні белгілі болды

Қазақстанда атом электр станциясы салына ма, жоқ па – 6-шы қазанда шешіледі. Станцияны салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдумның өтуі дәл осы күнге белгіленді. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қоятынын айтты. Осылайша алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. 

Әлемде энергия тапшылығы күн санап күшейіп барады. Елімізге сенімді, экологиялық таза, тұрақты қуат көздері аса қажет. Ал мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Президент атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдап, стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керектігін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын.

Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр станциясы жұмыс істеп тұр.

ДҮЙСЕНБАЙ ТҰРҒАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

6-шы қазанда референдум өтетін болды. Ол өте бір дұрыс шешім. Біз тәуелді бола беруіміз мүмкін емес мына электроэнергияның тапшылығына байланысты. Былтыр 3000 млрд килловат импорттағанбыз. Көлемі жыл сайын көбейіп жатыр.

Әлемдік тәжірибеге келер болсақ, атом электр станциясының құрылысы мен пайдалануы оң экономикалық әсер береді. Бұл – сарапшылардың пікірі. Мәселен, қуаттылығы 1 кВт электростанция салып, оған 5 млрд доллар қаражат жұмсадық делік. Осыдан біз қосымша 15 млрд доллар көлемінде әр түрлі саладан жағымды экономикалық әсер байқаймыз. Бұл дегеніміз - кіші және орта бизнестің дамуы, жаңа жұмыс орындары пайда болуы және көлік - логистика, білім-ғылым салаларының ілгерілеуі.

АЙДЫН БАҚДОЛОТОВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ядролық отын және оның компоненттері қазір Қазақстанда өндіріліп жатыр. Бұл біз үшін тиімді. Мұны қазір шетелге қымбат бағаға экспорттап жатсақ, өз еліміздегі атом электр станциясы үшін отын арзанға түсетін болады.

Сонымен қатар Жолдауда Президент мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керектігін алға тартты. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Сондықтан энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекітуді тапсырды. Енді «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидаты басшылыққа алынады.

СӘБИТ РЫСБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Бізде ысырапшылдыққа бой алдырып жатамыз. Коммуналдық қызметтер бізде бәріне бірдей. Тек қана квадраттық алаңға қарай өзгереді. Ол нәрсені дұрыс емес деп ойлаймын. Біздегі коммуналдық қызметтердің шетелмен салыстырмалы түрде арзан болуы – ол әлі де болсын мемлекеттің қолдауында тұрғанының арқасында ғой. Оны да мемлекеттің қолдауынан шығарып тастаса, коммуналдық қызмет 4-5 есе қымбаттап кетеді.

Елдегі жылыту орталықтарының шамамен 70 пайызы ескірген. Сондықтан ұлттық жоба осындай олқылықтарды қалпына келтіріп, тариф саясатын ретке келтірмек.