$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру", - Президент

02.09.2024ж. 20:00
460
"Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру", - Президент

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм». Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы биыл осылай аталады. Бұл- Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетінші Жолдауы. Бұған дейінгі сессияларда көбіне экономикалық бағытқа басымдық берілетін. Осы жолы әлеуметтік, құқықтық тақырыптар да сөз болып, қоғамды алаңдатқан мәселелер қозғалды. Толығырақ Аружан Задабектің сюжетінде. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Мемлекет басшысының алдымен бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен сессияда Парламент 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Бұдан өзге ғылым және технология, жылу энергетикасына қатысты мәселелер шешімін тапқан. Әлеуметтік салада да жетістік аз емес. Балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Бастысы, Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды.
Иә, соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Басты қуаныш – осы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты.
2029 жылға дейін орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 процентке жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайызға да жетпейді. Негізі жыл басталмай тұрып Президент орта бизнесті қолдау жөнінде нақты тапсырма берген. Алайда оны ескерген бір адам жоқ. Іс жүзінде әлі дайын емес.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек.
Президент теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралуы керек дейді. Бұл – айдан анық нәрсе. Жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда сақтауға және оның тасымал қабілетін арттыруға мүмкіндік берер еді. Қазір «Қазақстан темір жолы» компаниясы үш ірі инфрақұрылымдық жобаны қолға алды. Яғни теміржол салып жатыр. Оның жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады. Автокөлік жолын салу да қолға алынған. 12 мың шақырымға жуық жол жөнделіп жатыр. Елде мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын.
Әуе хабтарын дамыту да – өте маңызды міндет. Елде әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек.

Денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы жұмсалған. Бірақ, нәтиже жоқ.

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Біз МӘМС-ке қатысты үлкен жұмыс жүргіздік. Әлі де олқылықтарды толтыру жоспарда бар. Президент ұзақ кезек пен түсініспеушілік туралы айтты. Біз осы мәселелерді назарға аламыз.
Мемлекет әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарды үнемі қолдайды. Оларға қаржылай көмек те көрсетіледі. Бірақ азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Сондықтан Президент Үкіметке «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Мемлекеттік көмек алатын, әлеуметтік әлжуас топтарға нақтылы көмек көрсету керек деді. Неге? Өйткені оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік көмек алатын, бірақ ауқатты азаматтар бар. Бірақ оларға емес нақтылы мұқтаж азаматтарға көмектесу керек.
«Қарызсыз қоғам» жобасы. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы бағдарламаға былтыр 65 мың адам қатысты. Енді оны мектеп, жоғары оқу орындарында білім бағдарламасы ретінде енгізу ұсынылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс.
Соңғы кездері әскерде орын алған оқыс оқиғалар елдің жағасын ұстатты. Осыдан кейін жастардың сарбаз атануға деген ниеті сөнген. Ата-аналар да балаларын сапқа тұрғанын қаламайды. Өйткені, қорқады. Президент бұл мәселені де назардан тыс қалдырмады.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Жуырда ғана бір бауырым әлеуметтік желіде тарап кетті. Бәріміз қаражат жинадық. Бұл, әрине, жүректі ауыртады. Әскерге барған азамат ол бір өсуді, өнуді, болашаққа бағдар алуды, керісінше өзін темірдей тәртіпке бағынук үшін барады ғой. Сол үшін Мемлекет басшысының осы мәселеге ден салуы әскердегі реформаға алып келеді деп ойлаймын.
Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ, бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі.Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ, бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі.
2021 жылдан бері ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлады. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім қызметке келген. Енді аудан және облыстық маңызы бар қалалардың басшылары да тікелей сайлау арқылы іске кіріседі.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қазір әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Сондықтан Президент алдымызда ауқымды жұмыс тұр деді. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті.