$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Саяси партиялардың сайлауалды үгіт жұмыстары белсенді жүріп жатыр

AstanaTV
11.03.2016ж. 20:00
2357
Саяси партиялардың сайлауалды үгіт жұмыстары белсенді жүріп жатыр

Саяси партиялардың сайлауалды үгіт жұмыстары еліміздің төрт өңірінде қатар белсенді жүріп жатыр. Партиялар үгіт жұмыстарының аясында барынша көп халықты қамтып қалуға тырысып бағуда. Бүгін астаналық тізігіншілер, суретшілер, атыраулық мұнайшылар, Орал мен Көкшетау қалаларының қатардағы азаматтары алты партияның саяси бағдарламаларының негізгі бағытаттарымен танысты.

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды штабы еліміздің мұнайлы өңірі, Атырау қаласына үгіт-насихат  жұмыстарымен келді. Нұротандықтар бірінші кезекте Атырау мұнай өңдеу зауытына соқты.Мұнайшылармен кездесіп, зауыттың жай-күйімен танысты. Еліміз қазір шикізатқа тәуелділіктен арылу саясатын белсенді жүргізіп отыр. Бұл саясатқа «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да ерекше мән беріледі. Мұнай зауытынан кейін партияның сайлауалды штабы мүшелері «Кедергісіз келешек» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесті. Аталмыш әлеуметтік топқа арналған жергілікті би студиясы да партияның қамқорлығымен ашылған.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы республикалық сайлауалды штабының жетекшісі:

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету Елбасы саясатының күн тәртібінен түскен емес. Бірінші қаңтардан бастап мемлекеттік төлемақы 25 пайызға артып отыр.үкіметтік емес ұйымдар арқылы көрсетілетін мемлекеттік тапсырыс 40 пайызға артып отыр.2018 жылдан бастап мүгедек жандарға жұмыс орындарын құрғаны үшін кеткен шығындарына субсидия төлеу де қарастырылып отыр. Партиялық жобаның аясында 22 мың адам жұмысқа орналастырылған.

Қанатының астына көптеген кәсіпкерлерді жинаған «Ақ жол» партиясы белсенділері болса, бүгін Астанадағы бірқатар сауда орындарын аралады. Ақжолдықтар ат басын тіреген орталықтарда партиялық тізімдегі үміткерлер туралы парақшалар таратылды, сондай ақ партия өкілдері шағын және орта бизнестің жағдайын өз көздерімен көріп қайтты. «Мемлекеттің тәуелсіздігі экономикалық тәуелсіздікпен қуатталуы тиіс». Дәл осындай ұстанымды ту еткен «Ақ жол» партиясының белсенділері  бұл бағыттағы жоспарлары мен ой-пікірін кәсіпкерлерге жеткізуге тырысты.Акция барысында мұны сайлаушыларына барынша насихаттады.

Әсет Атабаев, «Ақ жол» ҚДП мүшесі:

Тәуелсіз егеменді ел дегеніміз тәуелсіз егеменді экономика деген сөз. Сол тәуелсіз экономика дегеніміз мықты шағын және орта бизнес деген сөз. Сол себептен Ақ жол партиясының мақсаттарының бірі дамыған елдердің қатарындағы шағын және орта бизнес жағдайын елімізге алып келу және оны елімізде интеграцияға қосу деген ойымыз бар.

«Ауыл» партиясының Көкшетаудағы аймақтық штабы бүгінге дейін жүргізілген үгіт жұмыстарының алдын-ала қортындысын штаб кеңесінде талқылады. Басқосуда  қорытындымен қатар алдағы жоспарлар пысықталып, жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Қазір партияның ақпараттық-насихат материалдары еліміздің барлық өңірлеріне жеткізілген. Сайлауалды науқан басталғалы бері «Ауыл» партиясы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған 10-нан астам дөңгелек үстел отырысын өткізіпті. Бүгінгі кеңесте үгіт-насихат топтарының әрбір мүшесіне тапсырмалар жүктеліп, алда атқарылатын жұмыс жоспары бекітілді.

Талғат Зейнуллин, «Ауыл» ХДПП республикалық қоғамдық штабының мүшесі:

Барлық ауылдарға үгіт-насихат материалдары жеткізілді. Аудандарда сайлау штабтары ашылып, жұмыс істеп жатыр. Ауылдың жастарымен де көп жұмыстар істеліп жатыр. Және айта кетейін дегенім біздің жұмыстарымызды бүкіл республикалық ақпарат құралдарында көрсетіліп жатыр, және республикалық телеарналарда жарияланып жатыр.

Ал, Қазақстанның коммунистік халық партиясы сайлауалды штабының мүшелері астаналық тігіншілермен кездесті. «Астана тігін өнеркәсібі» серіктестігі әйгілі Мәншүк Мәметова атындағы тігін цехынан бастау алған кәсіпорын. Коммунистер бұл  фабриканың өнімін жоғары бағалады. Кездесу барысында Айқын Қоңыров фабрика қызметкерлеріне партияның басты мақсаттарын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, саяси ұйымның негізгі ұстанымдарының бірі еңбек адамының мәртебесін көтеру.Сондай ақ коммунистер өздерінің сайлауалды тұғырнамасында бұл мәселенің айқын көрініс табатынын айтады.

Тұрғын Сыздықов, ҚКХП атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Мына кәсіпорын кооперацияның жарқын мысалы дер едім. Олардың өнімдері отандық тауар екендігін ескергеніміз жөн. Қазір елді сапалы әрі Қазақстандық өніммен қамту маңызды. Бұл фабрика сондай-ақ өз азаматтарымызды жұмыспен қамту жағын қолға алғандық байқадық.

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия белсенділері ОРал қаласында үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақтардың жетекшілерімен жүздесті. Сондай ақ  саясаттанушылар мен өңірдегі партия мүшелерін жинап сайлауалды тұғырнамаларын талқылады. Облыста партияның он мыңнан астам мүшесі бар. Социал-демократтардың аудандарда бөлімшелері болмағандықтан партия шалғай ауылдарды аралап, жергілікті халықпен кездесулер өткізіп жатыр. Партияның ақпараттық материалдары өңірдің барлық ауылдарына тең таратылды. Бүгінгі жиынға келгендер мемлекет ісіне үкіметтік емес ұйымдардың белсенді араласуы қажеттігі жайлы көп айтты.

Қадиша Мұқанова, ЖСДП  Батыс қазақстан облыстық филиалының төрайымы:

Үкіметтік емес ұйымдар жұмыстарын жандандыруы керек. Биылғы жылы шыққан қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдарға қоғамдық бақылау жасау бұл маңызды заң деп ойлаймын. Ауыл тұрғындарының жағдайы, олардың қалаға миграциясы, экология мен әлеуметтік сауалдар, тұрғын үй коммуналдық саладағы бағаның өсуіне тоқтам жасау, азық-түлік бағасының өсуі де біздерді алдаңдатады.

Борис Мясников, ЖСДП мүшесі:

Әлемдік экономикалық дағдарысты оңай еңсеру үшін тынбай еңбектену керек. Ауылда жер өте көп, мал өсіріп, ет өңдеп, нан пісіріп, көкністі де өзімізде өсіруге әбден болады деп ойлаймын. Біздің партия осы бағыттағы бастмаларды құптайды.

«Бірлік» партиясы өнер арқылы өздерінің саяси бағдарламаларын барынша жеткізуге тырысты. Партия ұйымдастырған байқауда астаналық суретшілер «Менің Отаным» тақырыбында бақ сынасты. Жас суретшілердің туындыларына қазақтың дархан даласы, әсем табиғаты арқау. Партиялықтар осындай жолмен жастарды Отан сүюге тәрбиелеуді көздейді. Байқауға еліміздің әр өңірінен сексеннен аса туынды келіпті. Олар 4 номинация аталым бойынша сұрыпталып, үздіктер анықталды.

Мұрат Қожамқұлов «Бірлік» партиясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:  

Жеңімпазды анықтау бізге оңайға түскен жоқ. Сол себептен де біз кәсіби суретшілерді, суретшілер одағының мүшесін, Өнер университетінің оқытушыларын, профессорларды тартуға тура келді. Конкурстың тақырыбы менің Отаным болғандықтан, Отан туралы шетсіз шексіз айта беруге болады. Сондықтан біз жұмыстарды таңдаған кезде ең бірінші қылқалам шеберлерінің ішкі сезіміне мән бердік.

Сайлауалды үгіт науқанының аяқталуына бір апта уақыт қалды.  Үгіт жұмыстарының соңғы нүктесі 18-ші наурызда қойылып,  шешуі күннің алдында бір күндік үнсіздік орын алады.

 Азамат АЛДОҢҒАРОВ