Жаңа Салық кодексі келер жылы қабылданады. Мемлекет басшысы Жолдауда заңның сапалы болуы үшін осындай ұсыныс тастады. Президенттің айтуынша, саланы реформалау үшін асығыс шешім қабылдамаған жөн. Құжат қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Мемлекет басшысы Кодекстің ережелерін әркім әрқилы түсінбес үшін оны жеңілдету қажет екенін ескертті. Яғни, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды екенін атап өтті.
ТАТЬЯНА САВЕЛЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Салық туралы кодексті қабылдауға асықпауымыз керек. Ол егжей-тегжей зерттелуі қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, жаңа кодекс барлық талапқа сай болуы шарт. Оны әлі де дамыту керек.
Елде біраз уақыттан бері жеке және корпоративтік табыс салығын ұлғайту мәселесі көтеріліп келеді. "Бұл кәсіпкерлер үшін қаншалықты қолайлы?" деген заңды сауал туындайтыны белгілі. Қаржы сарапшылары бұл салық түрі кәсіп иелеріне салмақ салса, көлеңкелі бизнеске кететіндер саны күрт көбейетінін айтады.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Бөлшек сауда салығында шек болады. Порог деген болады. Ол 2 млрд теңгеге дейін етін, оборот. Ал енді қазіргі уақытта қарап отырсақ, оны 500 млн-ға дейін төмендетіп тастады. Тиісінше ол сарапшылардың тарапынан өте қатты сынға ұшырады. Осындай сынға ұшырағаннан кейін Президент бұл мәселені кейінге қалдыруды және оны жан-жақты тағы ойластырып барып шешім қабылдауды ұсынды.