$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Атом энергетикасын әрі қарай дамыту үшін еліміз қажетті негізгі ресурстарға ие»,- сарапшы

03.09.2024ж. 20:00
535
«Атом энергетикасын әрі қарай дамыту үшін еліміз қажетті негізгі ресурстарға ие»,- сарапшы

Атом энергетикасын әрі қарай дамыту үшін еліміз қажетті негізгі ресурстарға ие. Сарапшылар осылай дейді. Қазір Қазақстанға тұрақты, экологиялық таза энергия көзі аса қажет. Сондықтан бірден бір шешім – атом электр станциясын салу. Мамандар заманауи станциялар экологиялық тәуекелдерді азайтатын технологияларды пайдаланатынын айтады. Ал радиоактивті қалдықтар қауіпсіз жерде сақталып, қоршаған ортаға таралмайды деп сендірді. Сарапшылар тағы не дейді? Атом электр станциясын салуға халықтың пікірі қандай? Мөлдір Жақан сұрады.

Ядролық энергетиканы пайдалану үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қауіпсіздік әрдайым басты назарда болуы тиіс. Сондықтан заманауи атом электр станцияларын салу барысында озық технологиялар қолданылады. Ондағы операторлар барлық жүйелердің күйін үнемі бақылап, төтенше жағдайда әрекет етуге дайын.

ВЛАДИМИР ВИТЮК, ҚР ҰЛТТЫҚ ЯДРОЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Атом энергетикасы шын мәнінде қауіпсіз, экологиялық таза энергия көзі. Технологиялар күн санап дамып жатыр. Өткеннің қателігін қайталамас үшін заманауи реакторларда барлық қауіп-қатер алдын ала ескерілген. Ато электр станциясының құрылысы үшін Балқаш көлінің маңы таңдалғаны да қауіпсіздікті нығайта түсуде. Бұл станция салу үшін ең тиімді жер.

Қазір ел алдында атом саласындағы білікті кадр даярлап шығару міндеті тұр. Ол үшін Қазақстанда алдағы уақытта 5 мың маман әзірлеу көзделген.

НҰРЗАДА БЕЙСЕН, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ФИЗИКА-ТЕХНИКАЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

Қазақстанда ядролық инженерия, ядролық физика және ядролық медицина мамандықтары бүгінгі таңда сұранысқа ие болып отыр. Ғылыми процестерді дайындау үшін ең басты түсінетін затымыз – өз кадрларымыз керек. Ядролық физика мамандарын дайындауға біршама гранттар бөлінеді. Олардың орны бәрі жабылады. Жастар келіп жатыр осы сала бойынша жұмыс істеуге.

АЭС-тің тиімді тұстары ретінде оның ұзақ мерзім қызмет етуін атап өтуге болады. Яғни, 60 не одан да көп жыл. Бұдан өзге атом электр станциясы ауа райы жағдайларына немесе басқа сыртқы факторларға қарамастан тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қазір елде энергия тапшылығы байқалады ғой. Сол себепті АЭС салған дұрыс деп ойлаймын. Ең бастысы білікті мамандар салса деп ойлаймын.
- АЭС негізі керек Қазақстанға. Ол дұрыс. Егер заманауи технологиямен Жапон, Оңтүстік Кореялардың компаниялары салса ол жақсы. Қолдаймын.

Айта кету керек, ғылыми зерттеулер АЭС-ті пайдаланудың өңірдің микроклиматына айтарлықтай кері әсерін растамады. Өйткені ол климаттың өзгеруінің негізгі себебі болып табылатын парниктік газдарды шығармайды.