$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Әбиба Әбужақынова Париждегі сәтсіздіктен соң келесі жарысқа қатыспақшы

AstanaTV
03.09.2024ж. 23:26
395
Әбиба Әбужақынова Париждегі сәтсіздіктен соң келесі жарысқа қатыспақшы

Олимпиада аяқталғанымен биылғы маусым әлі де мәресіне жеткен жоқ. Спортшыларды желтоқсанның аяғына дейін ірі додалар күтіп тұр. Әсіресе дзюдошылардың жарыс кестесі тығыз. Бүгінде дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы Загребте (Хорватия) өтетін Гран-при турниріне қатысу үшін оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Команданың қазіргі жағдайы мен Парижде жүлдеден қағылған Әбиба Әбужақынованың жоспары жайлы бас бапкер Ерлан Алпысбаев айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы Париж Олимпиадасында жүлдесіз қалды. Команданың басты үміті Әбиба Әбужақынова қола медаль үшін күресте швециялық Тара Бабулфатқа есе жіберген болатын. Бас бапкердің айтуынша, Әбиба бүгінде Париждегі сәтсіздіктен соң қалпына келіп, келесі жарысқа қатыспақшы.

"Әбибаның Қазақстан чемпионатында күресу, күреспеуі белгісіз. Жыл соңына қарай, қазанда өтетін Әбу-Дабидегі Grand Slam турниріне қатысады. Олимпиададан кейін Әбибаны "Жеңіс" клубы демалысқа жіберді. Париж ойындарына француз мамандары және жеке бапкерімен дайындалды. Аздаған демалыстан соң Әбужақынова татамиге оралады. Биылғы маусымда әлі қатысатын додалар бар", - деді Алпысбаев.

Сондай-ақ дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының тағы бір үздігі Ғалия Тынбаева да ірі жарыстардан сырт қалмайды.

"Ғалия Тынбаева мен Ақерке Рамазанова қазір жеке жоспар бойынша Хорватияның Загреб қаласында өтетін Гран-при турниріне дайындалып жатыр. Одан бөлек, Ғалияны 14-20 қазан аралығында Ташкентте өтетін әскери қызметкерлер арасындағы әлем біріншілігіне жібереміз. Қараша айында Тынбаева Қазақстан біріншілігінде бақ сынайды. Содан соң, Токиодағы Grand Slam турнирінде белдеседі. Жыл соңына дейін Ғалияның жарыс кестесі өте тығыз болмақ", - деді бас бапкер.

Бүгінде дзюдодан Қазақстан әйелдер командасы Түркістан облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

"Қыздар құрамасы Түркістан облысындағы "Алма тау" базасында жалпы дене жаттығуы бойынша жиын өткізіп жатыр. Базалық жаттығуларға ден қойдық. Келесі жиынымыз Ақтаудағы Азия кубогінің алдында өтпек. Сол кезде құрлық додасына қатысатын барлық спортшымыз бас қосады. Әбиба Әбужақынова да сол жиында жаттығуды бастайды", - деді команданың бас бапкері.

Айта кетелік, Загребтегі (Хорватия) Гран-при турнирі 13-15 қыркүйекке жоспарланған.

Әбу-Дабидегі Grand Slam додасы 11-13 қазанда, Токиодағы Grand Slam бәсекесі 7-8 желтоқсанда өтпекші.