Ақтаулық ата-ана сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлап, қылмыстық іс қозғауды талап етуде. Алдын ала болжамға сәйкес, бүлдіршін жұқпалы аурулар ауруханасында сепсис және шешек дертінен көз жұмған. 4 жасар Богдан 19-шы наурызда сырқаттанып қалады.
Анасының айтуынша, бастапқыда жағдайы қалыпты болған. Бірақ, екі күннен кейін хәлі нашарлап, жедел жәрдем шақыртады. Александра Емельянованың сөзінше, учаскелік педиатр «шешек» диагнозын қойып, ыстығын түсіретін дәрі ішуге кеңес береді. Кейін аяғы ауыра бастаған соң ауруханаға баруға тура келді,- дейді анасы. Әуелде емдеу мекемесіндегілер шешекті сылтауратып баланы қараудан бас тартқан. Жалынып жүріп, хирургтің қабылдауына кірдік,- дейді Александра. «Аяқ тілмесінің қабынуы» диагнозын қойған дәрігер ем тағайындап, үйіне жібереді. Сол түні Богданның жағдайы күрт төмендеп, қайта ауруханаға түседі.
Александра Емельянова:
Бұған дейін ешкім анализ алмады. Таңғы 8-дер шамасында келді. Бірақ, ол кезде балада қан болмады. Дәрі тамызғыш қоярдың алдында реаниматологқа бірдеңе жасаңдар деп айқайладым. Өйткені ұлым ес-түссіз жатты.
Ұлының қаза тапқанын Александра екі сағаттан кейін ғана білдім дейді. Дәрігерлердің бастапқы қорытындысына сай, Богдан ағзаның улануы, сепсис және шешектен көз жұмды, деп жазылған. Қазір бұл іске қатысты арнайы комиссия құрылып, тексеру басталған.
Маржан Мұхаметова, Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы:
Дәрігерлердің медициналық тексірісі, емдеу әдісі дұрыс жасалған. Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық сапа қызметін бақылау комиеті тарапынан тексеру жүргізіп жатыр. 10 күннің шамасында белгілі болады, нәтижесін сол кезде жариялаймыз.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ