$474.83 €515.38 ₽5.5
×

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға ниетті елдерден өтініш қабылдау аяқталды

AstanaTV
29.03.2017ж. 20:00
2119
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға ниетті елдерден өтініш қабылдау аяқталды

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға ниетті елдерден өтініш қабылдау аяқталды. Маңызды шараға әлемнің 115 мемлекеті мен 20 ірі халықаралық ұйым қатысады. Бұл рекордтық көрсеткіш,- дейді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының өкілдері.

60 мың текше метрге жайылған павильондар қатысушыларға бөлініп берілген. Қазір әрбір мемлекет өз тақырыптарына орай іске кірісіпті.

Илья Оразақов, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ департамент директоры:

10 мамырда барлық қатысушы мемлекеттер құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтауға міндетті. Себебі мамыр айы - толықтай тестілеу өткізетін кезең. Халықаралық шара болғандықтан, барлығын қайта тексеріп шығуымыз керек.

Қатысуға өтініш қабылдау аяқталғанымен, ұйымдастырушылар қазақы қонақжайлылықты ұмыт қалдырмаған. Кешігіп жеткен сұраулар болса, қарастыруға дайынбыз,-дейді. Болашақ энергиясы - барлық мемлекеттерге ортақ тақырып. Яғни әрқайсысы өз идеяларын көрсетеді. Мысалы, Қытай күн энергиясын қайта өңдеудің, Жапония адам бойынан тарайтын жылуды қолданудың әдісін әкелмек. Израиль жер энергиясын кәдеге жаратудың тәсілдерін зерттеп жатыр. Ең үлкен павильон Германияға тиесілі. Ал кішігірім аумақты Люксембург, Грекия мен Чехия алып отыр. Халықаралық көрмеге шетелдік қонақтармен қатар, қазақстандықтардың ақпарат алуы басты назарға алыныпты. 

Әлкен Бейсеков, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ  департамент директорының орынбасары:

Мүмкіндік бар. Біздің көмекшілеріміз қазақша, қатысып отырған елдің тілінде және ресми ағылшын тілінде ақпарат дайындауға мәжбүр болып отырмыз. Менің ойымша, 1-2 ел болатын шығар. Одан аспайды. Біз барлығын уақытында аяқтауға тырысамыз. 

Айбек ҚОСАН