$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Референдум – демократиялық жүйенің бір көрінісі

04.09.2024ж. 20:00
221
Референдум – демократиялық жүйенің бір көрінісі

Референдум – демократиялық жүйенің бір көрінісі. Мұнда халықтың таңдауы, қоғамның пікірі ескеріледі. Жалпыхалықтық референдум осыған дейін елімізде үш рет болды. Барлығы саяси шешімдерді қабылдау үшін ұйымдастырылды. Енді 6 қазанда Атом электр станциясын салу бойынша референдум өтеді. Бұл- қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар мәселе. Бұл - ел тарихында бірінші рет. Сонымен, халық нені білуі керек? Толығырақ әріптесім Аружан Задабек түсіндіреді. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Референдум — бұл жалпыхалықтық дауыс беру. Онда мемлекеттің болашағына байланысты маңызды мәселелердің шешімі шығарылады. Әдетте референдумның күн тәртібіне "иә", "жоқ" немесе "келісемін", "келіспеймін" деп жауап беруге болатын сұрақтар енгізіледі.

Референдумның қалай өтіп жатқанын қоғамдық бірлестіктер, шетелдік бақылаушылар мен халықаралық ұйым өкілдері бақылай алады. БАҚ науқанға дайындық пен оны өткізу барысынан хабар таратуға құқылы.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Референдум ел аумағын түгел қамтиды. Азаматтар оған ерікті түрде қатысады. Қатысушылардың жасы 18-ден жоғары болуы тиіс. Сот шешімі бойынша іс-әрекетке қабілетсіз деп танылғандар мен бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар қатыса алмайды. Ал басқа тұрғындарға негізсіз шектеу қойылса заңмен жазаланады. Бастысы - дауыс беруге келгенде жеке куәлігіңізді ұмытпаңыз.

Белгіленген күні азаматтар өз учаскесіне барып, бюллетень толтырады. Дауыс беру қағазы қазақ және орыс тілінде беріледі.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Тарихқа көз жүгіртсек, жалпыхалықтық референдум осыған дейін елімізде үш рет өтті. Екеуі 1995 жылы. Біріншісі- сол кездегі Президенттің өкілеттігін ұзарту бойынша өткен. Бұған қазақстандықтардың 91,21 проценті қатысты. Екінші Ата Заңды қабылдау бойынша. Жаңа Конституцияны дауыс берушілердің 90 пайызы қолдаған. Сол жылдан бастап елімізде 30 тамыз Конституция күні болып белгіленді. 2022 жылы Ата Заңға өзгеріс енгізу туралы науқан тағы өтті. Оған тұрғындардың 68 пайызы барған.

Алда төртінші рет референдум өтеді. Сұрақ – «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Мұндай сауал бұған дейін болмаған. Бірінші рет. Өткен науқандар тек саяси мәселелерді шешу үшін өткізілген еді.

Қазір елде 12 миллионнан астам сайлаушы тіркелген. Оның ең көбі Алматы қаласынан. Сондай-ақ 63 мемлекетте орналасқан 78 учаскеде де азаматтар дауыс бере алады.