$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Әуе компанияларына тықыр таяды: енді «қайтарымсыз билет» ұғымы болмауы мүмкін

04.09.2024ж. 20:00
215
Әуе компанияларына тықыр таяды: енді «қайтарымсыз билет» ұғымы болмауы мүмкін

Әуе компанияларына тықыр таяды. Бұдан былай «қайтарымсыз билет» деген ұғым болмауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Депутаттар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Халық қалаулылары "білгенін істеп, тайраңдап кеткен әуе компанияларын жөнге салу керек" деді. Аталған заң жобасында тағы не айтылған? Депутаттардың ұсынысы қандай? Мөлдір Жақан тарқатсын. 

Екі айға созылған демалыстан келген депутаттардың бүгінгі жұмысы қауырт. Жаңа саяси маусым басталысымен-ақ Мәжіліске бірқатар Заң жобалары келіп түсті. Депутаттар сондай-ақ Жаңа Салық кодексін әзірлеуге кірісті.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президент Жолдауда депутаттық корпустың белсенді жұмысын ерекше атап өтті. Бірқатар тапсырмалар тікелей депутаттарға арналды. Бұл Президенттің көптеген мәселелерде депуттатық корпусқа арқа сүйеп, сенім артатынын көрсетеді. Жолдауда айтылған көптеген мәселелер заңнамалық тұрғыдан қолдауды талап ететінін көріп отырмыз. Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін бізге әр депутаттың, әрбір фракцияның қажырлы еңбегі қажет. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз.

Күн тәртібінде қаралған маңызды құжаттың бірі – «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа жобасы. Қазір азаматтық авиация саласы былыққа толы екені жасырын емес. Билеттердің қымбат болғаны былай тұрсын, өз пайдасын ойлаған әуе компаниялары небір айлаға баратын көрінеді. Билеттерді жолаушылар санынан асыра саудалайды, одан қалса «қайтарымсыз билет» дегенді шығарған. Халық әбден қажыды, ал алпауыт компанияларға мемлекеттің де тісі батпай отыр. Қазіргі айыппұлдарды шыбын шаққан құрлы көрмейді.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мен зардап шектім. Қаншама адамдар зардап шекті. Жәй ғана айыппұл. Ол айыппұлдар болмайды. Үзілді-кесілді айыппұлдардың санын едәуір көтеру керек. Жауапкершілікті күшейту керек. Қажет десе, бұл жерде аэродром сертификатын уақытша тоқтата тұру керек. Солай ғана әуе компанияларды заңды орындатқызамыз. Басқа шама жоқ.

Заң қолдау тапса, билеттердің құнын 100 пайыз қайтарып алу мүмкіндігі туады. Ал көлік вице-министрі рейстердің кешіктірілгені үшін тек әуе компаниялары емес, әуежайларға да жауапкершілік арту керектігін айтты.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Кейбір уақыттарда әуежайлардың өзінің дайындығы болмай қалатын жағдайлар да бар. Және мүгедек адамдар мен балаларға, жүкті әйелдерге дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда айыппұл салу пакеті дайындалды. Осындай айыппұлдар әуе компанияның басшылығы мен әуежайлардың да басшылығына беру жөнінде дайындалған түзетулеріміз бар.

Ендігі мәселе күнделікті тіршілігімізге дендеп енген электронды саудаға қатысты. Интернет арқылы тапсырыс беріп, алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалып жатқандар жетерлік. Өткен жылмен салыстырғанда электронды сауда саласындағы бұзушылықтарға қатысты шағымдар саны 15 пайызға өсті. Биыл 5 мыңан астам шағым келіп түскен.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Маркетплейстер өзге де сауда субъектілеріне бағытталған барлық талаптарды орындауы тиіс. Олардың жауапкершілігі, тіпті, жоғары. Электронды сауда алаңдарына қатысты заңды әлі де жетілдірмекпіз. Мәселен, электронды саудаға қатысты арнайы заң жобасын қарастырып жатырмыз. Бұл бізге керек пе, жоқ па – алдағы уақытта шешіледі.

Бұдан былай сатушының үстінен шағым түссе электронды сауда алаңы тұтынушының құқықтарын қалпына келтіру шараларын дереу қабылдауы керек. Сатып алушыға тауар, кепілдік міндеттемелері және талап қою тәртібі туралы қажетті ақпарат берілмесе, кәсіпкерлерге 6-дан 30 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Дегенмен, депутат Нартай Сәрсенғалиев аталмыш заң жобасына, әзірге, көңілі толмайтынын жеткізді.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мүмкін жанағы тиісті заңнамаға Face-ID жүйесін енгізу керек шығар. Мүмкін онсыз ақша аударылмауы керек шығар. Әйтпесе, қаражатыңызды саласыз, оны Украинадан өткенде шешіп алды, басқа елден шешіп алады. Біз сол банктегі тұтынушымыз ғой, демек олардың міндеті - сіздің ақшаңызды сізің қалауынсыз ешкімнің шешіп алмауы. Ал оған кепілдік болмаса, кешіріңіз, бұл заң бойынша еліміздегі тұтынушылардың құқығы толыққанды қорғалады деп мен айта алмаймын.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Осылайша Мәжіліс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Негізгі заң жобасы арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі. Ол тұтынушыларға консультациялық көмек көрсетуге, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюға, сондай-ақ өзге де функцияларды орындауға құқылы болады.