Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады.
Әкім президентке аймақтың жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, жоспарларын таныстырған.
«2024 жылдың қаңтар-шілде айларында облысқа 188,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, соның ішінде жеке инвестицияның мөлшері 136,7 миллиард теңгеге жеткен. Аймақ экономикасының аграрлық салаға негізделгенін ескере отырып, пайдаланылмаған жерлерді қайтару және айналымға енгізу шараларына, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру, қант өндірісін дамыту мәселелеріне баса мән берілді», - деге әкім қабылдауда.
Оның айтуынша, дәл қазір облыста Кербұлақ ауданындағы металлургия комбинаты, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» индустриалды паркі, Жоңғар қақпасы аумағындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы сияқты ірі жобалар орындалып жатыр.
«Жыл соңына дейін өңірді газбен қамту деңгейі 56,5 пайызға жетеді. 2028 жылға қарай Жетісу облысына түгел газ тартылады деген жоспар бар. Соңғы 2 жылда облыста 86 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын салу көзделген. Жетісудың туристік бағыты Алакөл, Балқаш көлдері, «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, Жоңғар Алатауының тау массивтері секілді халық жиі баратын орындардың әлеуетіне иек артады. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында Бұрханбұлақ сарқырамасы мен Жасылкөлге апаратын жол салу жоспарланған», - деді әкім.
Ақорда хабарлағандай, мемлекет басшысы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.