$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Ұлттық қор ақшасының жауапкершілігі өте үлкен", - экономист

05.09.2024ж. 20:00
341
"Ұлттық қор ақшасының жауапкершілігі өте үлкен", - экономист

Қаржыны сауатты жұмсай білу маңызды. Жетпейді деп жер тепкілегеннен жетістікке жетпейсің. Банктер тауарлы несиемен тұрғындардың қалтасын қағып отырғанын Президенттің өзі айтты. Экономиканы ілгерілетуге Ұлттық қордағы қаржыны пайдалану тетегі қарастырылып жатқаны сондықтан. Осы және өзге де ақпараттар «ЭКОНОМИКА» топтамасында. 

Дертіне дауа іздеген халық емделуге қаржы жұмсауды көбейтті. Биыл 2-ші тоқсанның өзінде денсаулығын дұрыстауға 154 млрд теңге жаратқан. Бұл алғашқы тоқсанмен салыстырғанда 20 пайызға, ал былтырғы жылмен салыстырғанда 38 процентке көп. Жалпы қызмет көлеміндегі ең үлкен үлес стоматологияға тиесілі. Тістерін түзеуге 44 млрд теңге жұмсаған. Саладағы бағаның көз ілеспес жылдамдықпен өсіп жатқанын ескеру керек. Жылдық өсім 24 пайызға жетті. Мамандар бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Қазір Ұлттық қорда шамамен 60 миллиард доллар бар. Жасыратыны жоқ, осыған дейін бұл ақша шетелдік қаржы ұйымдарына қызмет етіп келді. Яғни, табыстылығы 1-2%. Бастысы кепілділігі 100 пайыз А класты облигацияларға қордағы ақшаны құйып отырдық. Яғни, қаржы желге ұшпайды. Мемлекет басшысы бұл жүйеден бас тартуды ұсынды. Енді мемлекеттік мүддеге пайдаланады. Ол қалай жүзеге аспақ? Экономист Айбар Олжаймен байланысқа шығып, тетіктерін сұрайық.

- Айбар мырза, Ассалаумағалейкум.

- Президент Ұлттық қорды шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек деді. Негізгі мақсаты жинақтауға негізделгенін білеміз. Енді бағытын қалай өзгертеді?

АЙБАР ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Ұлттық қорға өзгерістер енгізеді деп толық сеніммен айтуға болады. Бұған дейін де инвестициялық саясатқа өзгерістер енгізіліп, жинақтаушы функциясы қысқарып, кішкене қаржы табу функциясы артқан болатын. Президенттің қойған тапсырмасының меседжі түсінікті. Біздің экономикаға жұмыс істесін деген нақты сигнал беруде. Бұл бір жағынан жақсы. Екінші жағынан қауіп бар. Мұның барлығы техникалық анализді қажет ететін, сосын жобалардың бар ма, жоқ па, олар қаншалықты сапалы, дайын тұрған жоба бар ма, соны қарайтын үлкен жұмыс. Нақты сол қандай жоба таңдалады? Сол жобаға қатысты сұрақ көп. Себебі, Ұлттық қордың ақшасының жауапкершілігі өте үлкен.

- Расында Ұлттық қор инвестициясымен экономиканы ілгерлетуге болады. Бірақ үлкен тәуекел екенін айтып отырсыз. Қыруар қаржының көзден бұл-бұл ұшпауы үшін не істеу керек?

АЙБАР ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Ең күрделі сұрақ осы ғой. Ақшаны бөлу қиын емес. Қандай жобаға салынады және ол қашан қайта бастайды. Өйткені, инвестициялық қайтарымдығы көп жобаларда әртүрлі болады. Сондықтан кепіл жағы өте қиын боп тұр. Содан жаңағы кәсіпорын белгілі бір өнім шығарайын деп жатса, кейін 5-10 жылдан кейін ол өнімге нарықта сұраныс бола ма, жоқ па, мүмкін ескірген өнім шығарайын деп жатқан шығар. Осының бәрінде сұрақтар өте көп. Нақты жауап жоқ. Иә, идея өте дұрыс. Соған қатысты жобалар болса батыл қадамдар жасау керек.

- Айбар мырза, байланысқа шығып, пікір білдіргеніңіз үшін рақмет! Біз әрмен қарай жалғастырамыз.

Елімізде киноны кинотеатрдан көретіндердің саны азайып барады. Мәдени орынның табысы соңғы екі жылда ең төмен деңгейге түсті. Биылғы жылдың екінші тоқсанында 6,6 млрд теңге ғана пайда тапқан. Табыстың 38 проценті, яғни 2 жарым млрд теңгесі Алматыға тиесілі. Ал Елордадағы кинотеатрлар 1,8 млрд теңге кіріс түсірген. Қалада қызмет көрсету құны 13-пайызға өсті. Десе де, бұл табыстың артуына әсер етіп жатқан жоқ. Бір ғана мысал, өткен жылдың сәйкес кезеңінде Алматыдағы мәдени орындар 4,3 млрд теңге пайда тапқан еді. Айта кетейік, Астаналық әрбір көрермен кинотеатрға 1200 теңгеден, ал Алматылықтар 1100 теңгеден кіріс алып келген. Ал елдегі орташа көрсеткіш 329 теңге.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында көк қағаз 483 теңгеден саудалануда. Ал Еуро 536 теңге. Көрші ел валютасы 5 теңге 43 тиын болды.