$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қостанайлық кәсіпкерлер темір жол тасымалындағы тарифтің көтерілуіне наразы

AstanaTV
30.03.2017ж. 20:00
3722
Қостанайлық кәсіпкерлер темір жол тасымалындағы тарифтің көтерілуіне наразы

Тобыл өңірінің кәсіпкерлері темір жол тасымалындағы тарифтің көтерілгеніне наразы. Кәсіпорын өкілдері  белгіленген бағаның тым жоғары әрі негізсіз екенін айтады. Енді ұлттық кәсіпкерлер палатасынан көмек күтіп отыр. Облыстағы ондаған өндіріс ошақтарын тығырыққа тіреген тұйық жолдар мәселесі туралы Заңғар Санай сабақтайды.

Заңғар Санай, тілші:

Бұл темір жол тұйықтары бұрын «Қазақстан темір жолына» тиесілі болған. 2015 жылдың орта шенінде оны «Транспорттық сервис орталығы» сатып алған көрінеді. Жаңа қожайын тасымал тарифін көтеру туралы шешімін аймақ кәсіпкерлері былтыр желтоқсан айында хабарлады. 

Жаңа тарифтік саясат аймақтағы кәсіпорындарды екі есе шығынға батырды. Мәселен, жергілікті кәсіпкерлер бұған дейін жүк таситын  шойын арбаның  бір бағытына  ғана ақы төлесе, енді қос бағытқа қаржы жұмсайды. Ай сайын Ауғанстанға он бес мың тоннадан астам ұн жөнелтетін Қостанайдағы диірмен «Транспорттық сервис орталығының» талабын орындауға мәжбүр. Өйткені алпауыт компанияға тиесілі темір жол тұйығынан өзге жол жоқ.

Асқар Жабаев, диірмен директоры:

Компания тасымалдау  құнын 9 мыңнан 53 мың теңгеге  көтеріп жіберді. Яғни тариф 500 пайзға жуық  шарықтап кетті. Біз ай сайын кәсіпорын  аумағынан 200 вагонға жүк тиеп жөнелтеміз. Тарифтің күрт көтерілуі өнім бағасына да кері әсерін тигізіп жатыр.

Осынша қымбат ақыны төлегеннен гөрі, темір жол учаскілерін сатып алу тиімді, - дейді  кәсіп иелері. Алайда, акционерлік қоғам өкілдері оған келіспейді. Айтуларынша, тұйық жолдардың 90 пайызының тозығы жеткен. Жолдарды жаңғырту үшін қыруар қаражат жұмсаған компания қызмет құнын көтеру арқылы шығынды қайтарып алмақ.

Есенжан Ханбай, «ТСО» АҚ президентінің кеңесшісі:

Біздің  меншікке берілген тұйық жолдардың басым бөлігін жаңарту керек. Ол үшін жылына небәрі 18 миллион теңге бөлінеді. Былтыр тұйық жолдарды жаңғыртуға 150 миллионнан астам қаражат жұмсадық.

Тұйық жолдағы тарифтің қымбаттауы ірі құрылыс компанияларын да тығырыққа тіреді. Облыстағы ондаған кәсіпорынның басшылары ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұжымдық шағым жазып, көмек күтіп отыр.

Игорь Ким, құрылыс компаниясының директоры:

Біздің кәсіпорынның аумағында 163 метр темір жол торабы жатыр. Бұрын әр вагонның келіп-кетуіне 900 теңге төлейтін едік. Енді жаңа тарифке сәйкес 33 мың төлейміз. Біздің ең осал жерімізді тауып алған секілді. Өйткені темір жол тұйығы осы монополист компаниядан басқа ешкімде жоқ.

Кәсіпкерлерді толғандырған мәселе "Атамекен" ҰКП төрағасының қатысумен өткен жиында да талқыға түсті. Палата өкілдері темір жол тасымалындағы тарифтің түйіні  жуық арада шешіледі деген сенімде.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының  басқарма төрағасы:

Оңай олжаға кенелудің ең ұтымды жолы бұл. Ешқандай субсидияның керегі жоқ. Қазақстан темір жолы құрылымды транспорттық сервис орталығының басқаруына берген соң осындай келеңсіздік туындап отыр. Ал табиғи монополияларды реттеу комитетінің шешімі мәселені тіпті ушықтырып жіберді. Біз енді сол шешімді өзгертуге тырысамыз.

Кәсіпкерлер шағымынан соң «Транспорттық сервис орталығына» қатысты тексеріс басталған. Оны табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті жүргізуде. Қостанайлық кәсіпкерлер тексеріс қорытындысына сәйкес мәселе оң шешімін табады деген ойда.

Заңғар САНАЙ