Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, артынша күн күрт суытып кетті. Осының салдарынан тас жолдар көк мұзға айналған. Қала ішіндегі көшелерде де жағдай мәз емес. Көліктер былай тұрсын тіпті жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруы мұңға айналды. Таңертеңнен бері шаһарда ондаған жол апаты орын алған. Екпінін тежей алмаған автокөліктің жолдан шығып кету оқиғасы да тіркелді. Арнайы техниканың көмегімен ол қауіпсіз жерге шығарылған, абырой болғанда көлік жүргізушісі дін аман. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, тұрғындарды сақ болуға шақырып отыр.Олар, аяқ астынан құбылатын көктемнің алғашқы айында алыс жолға шықпау қажеттігін ескертеді.
Максим Хайрекенов, БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары:
Ауа райы күрт нашарлап, тас жолмен жүру қиындаған кезде, бұл ақпаратты ұялы телефонға хабарлама жіберу арқылы таратамыз. Дегенмен, жүргізушілердің өздері де барынша абай болып, сақтық шараларын естен шығармағаны абзал.
Еркін КАРИН