$524.24 €612.94 ₽6.68
×

«Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» қомақты айыппұл төлеуі мүмкін

AstanaTV
11.03.2016ж. 20:00
2428
«Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» қомақты айыппұл төлеуі мүмкін

Қостанай жылу энергетикалық компаниясы 9 көпқабатты үйдің тұрғындарынан артық төлемақы алған. Бекітілген бағаны бұрмалауға жол берген коммуналдық кәсіпорын енді қомақты айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл жайында «Астана» телеарнасына табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті өкілдері айтты. Тұрғындардың ұжымдық шағымы негізінде жоспардан тыс тексеріс өткізілген. Нәтижесінде коммуналдық кәсіпорынның заң бұзғаны анықталды. Мәселен, өкілетті орган бекіткен бағадан жоғары төлемақы алынған. Сонымен қатар есептеуіш құралдары бар тұтынушыларға, ондай құралы жоқ тұтынушылар тобына арналған тариф бойынша төлемақы есептелген. Осылайша жылу энергетикалық компания үш жарым миллионға жуық заңсыз пайдаға кенелген. Енді бұл сома тұрғындарға қайтарыуы тиіс.

Азамат Сабыржан, Қостанай облысы бойынша ТМР және бәсекелестікті қорғау департаменті бөлім басшысы:

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша департамент тарапынан ҚР Әкімшілік Кодексінің 164 бабы бойынша әкімшілік өндірістік  іс қозғалды. Жүзеге асқан жағдайда  мемлекеттік компания осы тұрғындарға қатысты  қайта есептеу жүргізіп  және де айыппұлды төлеуі тиіс. 

Ал, Қостанай жылу энергетикалық компаниясы бұл мәселеге қатысты арнамызға жазбаша жауап жолдады. Онда табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің тексеріс қорытындысына қатысты экономикалық сотқа талап арыз түсіргендерін хабарлапты.

 Заңғар САНАЙ