Британдық таблоид Daily Mail «Брексит туралы ұмытыңдар, «Легситті» кім жеңді?» деген материал жариялап, Британияның Еуро Одақтан ресми түрде шығуына қатысты мақаласын...қалай сипаттасақ екен, былайша айтқанша «өзгеше» етіп берді. Онда міне, қараңыз, Британия премьер-министрі Тереза Мэй мен Шотландияның бірінші министрі Никола Стердженнің аяқтарына фокус жасаған. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында сексизм – қарапайым айтқанда, адамның жынысына байланысты кемсітушілік туралы айтыс-тартыс туғызды. "Legs" ағылшынша «аяқтар» деген мағына береді. Британияның ЕО шығуына патшалық құрамындағы Шотландия қарсы. Шотландия Британиядан бөлінуді тағы қарастырып отыр. Референдум өткізу ойы бар. Т.Мэй мен Н.Стердженнің кездесуі осы мәселеге арналған. Айтпақшы, жұмада Шотландияның бірінші министрінің Ұлыбритания премьер-министріне тәуелсіздік алу туралы референдум өткізуге өтініш жасаған хаты жарияланды. Ал аталған басылым тізеден жоғары юбка киген саясаткерлердің аяқтарына акцент түсіреді...
-Әйел-саясаткерлерді әдейі мансұқ етіп отыр- деп, басылымды барлығы дерлік айыптады. Себебі заметканың аты ғана айғайлап тұрған жоқ. Онда «Стердженнің аяқтары қысқалау, бірақ пішіні жақсы, әдемі айқастырған, үстіне қойған аяғы камераға бағытталған, жалпы отырысы – еліктіруге тура талпыныс»,- деген сөйлемдер бар. Алайда басылым зілсіз әзілдегендерін айтады. Олар ер – саясаткерлердің де сыртқы келбетін жазатындарын айтып, мысалы, бұрынғы премьер-министрі Кэмеронның белін, саяси статьяларқызықсыз болуы керек деген ереже бар ма? – деп сауал тастапты. Ендеше «қызықсыз» емес, «жалықтырып» жібермейтін материал - «Ол бізге Димон емес» акциясы. Жексенбіде Ресейдің 90 қаласында үкімет басшысына қарсы наразылық шерулері өтті. Тек Мәскеуде әр түрлі есеп бойынша 8 мыңнан 30 мыңға дейін адам шыққан. Ол оппозиционер, келесі жылы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеген А.Навальныйдың «Ол сіздерге Димон емес» деген фильмінен кейін өткен наразылық. Фильм әрине, Ютуб ресурсында жарияланды, 12 млн-нан астам адам көрген. Онда «Ресей үкімет басшысы жемқорлық схемасымен зәулім сарайлар, яхталар, жүзімдіктер, фермалар иеленген» деген әңгіме айтылады.
«Ол бізге Димон емес» фильмінен үзінді
Навальный жұртты «көшелерге серуендеуге» шақырған – шеру өткізуге рұқсат ала алмағасын. Мыңдаған адам ұсталып, қамалды. Оппозиционердің өзі де. Осыған орай оқыған материалдардың бәрінде көшеге шыққандардың дені жастар екені айтылады. Орыс режиссері А.Сокуров «Ника» сыйлығын алып тұрып былай депті:
Александр Сокуров, режиссер (Ресей):
Жастармен, студенттер, тіпті оқушылармен өркөкірек қарым-қатынас орната отырып, мемлекет үлкен қателік істейді. Студенттер мен оқушылар арасында Азаматтық соғыс бастауға болмайды. Оларды тыңдай білу керек. Біздің саясаткерлердің ешқайсысы оларды тыңдағысы келмейді. Олай жасауға қорқады. Неге? Бұл мүмкін емес, әрі қарай шыдау мүмкін емес...
Ал Ресей президенті В.Путин Арктиканы игеруге байланысты халықаралық форумда былай деген:
Владимир Путин, РФ Президенті:
Жеке басым коррупциямен күрестің қоғам назарында болғанын жақтаймын. Адамдардың осы проблемаға алаңдауын жақсы қабылдаймын. Тек бір нәрсені мен дұрыс емес деп есептеймін – егер әлдебіреулер, қайбір саяси күштер өздерінің арам ойын іске асыру үшін пайдаланса. Саяси оқиға алдында, оның ішінде елде болатын сайлау науқаны алдында өздерін жарнамалау үшін істейтін болса.
Шеру өткен күні Д.Медведев шаңғы тепкен...Тағы бір деталь – В.Путин Арктика сапарында оны қасына ертіп жүрді. Франц-Иосиф жеріндегі аралда мұз үңгірге оңаша кірген. «Коммерсант» басылымының «Мұз көсем» деген материалында тілшінің «онда не айттыңыздар?» деген сауалына Путиннің «табиғатқа сүйсіндік» дегені жазылады. Ал «Republic» порталында «Айсбергтер арасында тұрып, «сен жұмыстан кетесің» деу тіпті путиндік өлшем бойынша соншалықты садистік болар еді» дей келе, ал «Ресейді аялаңдар» дейтін кез келгенде ол қасына Медведевті ертпейді», деп аяқтаған...
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев былай деп жазды: «Ресейде «скелеттер» Дмитрий Медведевтің шкафынан шықты. Әрине, негізгі
соққы оған емес, кураторы В.Путинге бағытталған. Путин ұлттық идеяны әрдайым
конфронтациялар мен ура-патриотизмге құруға болмайтынын түсінуі керек. Себебі
ондай конструкция ұзақ тұрмайды және ерте ме, кеш пе, бұзыла бастайды. Халқына
«ақша жоқ, алайда берік болыңдар!» дейтін, бірақ өздері ешнәрседен бас тарпайтын («асап,
жеуден» - «Біздің уақыт»түсіндірмесі)
құрылым түзушілерін жерлеп тынады...