Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Алыс болса да жақын, жақын болса да алыс». Орал маңы ми батпақ...

AstanaTV
01.04.2017ж. 20:00
3868
«Алыс болса да жақын, жақын болса да алыс». Орал маңы ми батпақ...

...Айнала ми батпаққа айналған, резеңке етіксіз жүру мүмкін емес. Көлік те қозғала алмайды. Адамдар әбден шаршаған. Осылай сипатталатын репортаждар жылда жасалады және еліміздің кез-келген бұрышынан. Онсыз да оңай емес тіршілікте тура мағынасында іркіліссіз қимылдай алмау - батпаққа батып, лай су кешу - саяси сатира жанрында роман демей-ақ қоялық, әңгіме жазуға құлшынтады... Репортажына «Алыс болса да жақын, жақын болса да алыс» деп ат қойған Батыс Қазақстандағы тілшіміз Еркін Кариннің материалы.

Оралдың іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін қарлы қыстан гөрі көктем мен күз ауыр тиеді. Өйткені облыс орталығын айнала салынған жаңа ықшамаудандарда тас жол әлі түгел салына қоймаған. Сондықтан  батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Күз бен көктемде қабағы ашылмайтын тұрғындар қазір толарсақтан саз кешіп жүр.

 Еркін Карин, тілші:

-Қазір біз де бейнетқор жерлестеріміз тәрізді көлігімізді құрғақ жерге қойып, етік ауыстырамыз. Тобықтан келер туфлиді тастап, қонышы биік мынадай резеңке етік киеміз. Көлікпен жүргендер көп қиналмайды. Ал жаяу жүрсеңіз етік салатын мынадай пакет-дорба арқалап жүруге тура келеді.

Батпақтан өте алмаған көліктер жол бойында сіресіп тұр. Қожайыны шалғайынан келер шалшықты кешіп жүргенде иесіз қалған көлікті ұрылар құр жібермейді. Қазір осылай қараусыз қалған көліктерді тонау көбейген. Жеке көлік түгілі автобустар да ауылға кіре алмай жырақта тұр. Осының кесірінен балалар сабаққа кешіксе, жұмысына асыққан ересектер жарты жолды жаяу жүруге мәжбүр. Өйткені автобус жүргізушілері сай толы суды кешуге жүрексінеді. Сайдан шыға алмай суда қалған мына мәшинелер оларға жақсы мысал.

Әлібек Ғабдуллин, автобус жүргізушісі:

-10 метрден келетін су бар. Көліктің тежегіші сынады. Жолдың жағдайы қиын. Халықты да түсінуге болады. Бірақ жүретін жерге дейін келіп жатырмыз.

Көлігінен әрең түскен Әйгерім Хамзина ауруханадан келе жатқанын айтты. Науқас қызын уайымдаған ананы жүрдек "Нива" осы жолы да құтқарды. Ал жұбайы күртік қар мен ми батпаққа сыр бермейтін көлігін ауылға жол салынбай сатпаймын деп әзілдейді. Бірақ ашу буған Әйгерімнің әзілдесуге шамасы жоқ.

Әйгерім Хамзина, Орал қаласының тұрғыны:

Балам қызуы көтеріліп түнімен ауырды, дәрігер шақырсақ келмейді. Апара алмаймыз. Түсқайта лорға бару керек. Оған да бару мүмкін емес. Әрең деп шықтық. Енді үйге жетеміз бе, жетпейміз бе, білмеймін.

Мирас Мүлкай, Орал қалалық ТҮКШБ бөлімі абаттандыру секторының меңгерушісі:

-Қазір тұрғындардан шағым көп түсіп жатыр. Бірақ мүмкіндігінше сорып тазартып жатырмыз.

Қалаға жету мұң болған қай тұрғынның да айтары - осы. Өйткені шаһар іргесіндегі бұл елді мекендердің дені ойпатта орналасқан. Судың жылдар бойы қалыптасқан табиғи арнасы өзгеріп, үйлер салынған. Қыста қар қинаса, жазда жаңбыр суы жиналады.

Сатыбалды Қабдиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Қыстай қар тазаланған жоқ мына жақта. Қар шығарылған жоқ. Тек көшені қырып өтеді. Басқалай қар шығарылмады. Осында тұрып жатқаныма үш жыл, жылда осылай. Тіпті жедел жәрдем өте алмайды мына жаққа. Қанша зейнеткер бар мына жақта? Мүгедектер бар...

Марс Отаров, БҚО ТЖД бөлім бастығы:

- Қала бойынша сонымен қатар, Теректі, Зеленов, Бөрлі аудандарында елді мекендерден еріген қар суын шығару жұмыстары жүргізілуде. Негізгі судың жиналатын орындары - жаңа құрылыстар. Үйлер судың табиғи жиналатын орнына салынған. Сол себепті үйді су басу қаупі төнді.

Ал қала әкімдігі келер жылдан бастап жағдай жақсаратынын айтып, сендіргісі келеді. Биыл Деркөл ықшамауданының бір бөлігі жөнделеді. Оған бір миллиардтан астам қаржы бөлінген. Дегенмен 4000-дай адам тұратын ауылдың қалған бөлігін абаттандыру келесі жылға қалыпты.

Әлібек Исманов, Орал қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қазір бұл аумақты абаттандыру жобасы жасалып жатыр. Осы жоба бойынша мұнда келер жылы шамамен 40 шақырым жол жүргізіледі, қосымша су өткізетін арналар салынады.

Қазір арнайы техниканың көмегімен сай-саланың суы сорыла бастады. Күні бүгін 40 мың текше метр еріген қар суы тасылыпты. Бірақ жаңбыр жауса, су қайта көбейеді. Солай болатынын білетін коммуналдық мекемелер қауіпті аймақтарды күні-түні бақылауына алған. Ал кезінде су жиналатын ойпат жерлерге үй салғызбай, құрғақ жерден учаскелер бөлінгенде мұндай азап болмас па еді?.. 

Еркін Карин, Наурыз Халит "Біздің уақыт", Оралдан.