$525.87 €614.37 ₽6.72
×

«I am a disco dancer». Брейк билейтін ақсақал.

AstanaTV
01.04.2017ж. 20:00
4342
«I am a disco dancer». Брейк билейтін ақсақал.

Пайғамбар жасына келген Сансызбай Мұқановтың аптасына үш рет немересімен жасты балалармен бірге брэйк биін үйреніп жүргеніне 4-ші жыл. Ол ол ма, жігіт шағына дейін ана тілін білмеген азамат қазақша-орысша сөздік жазған. Онымен де тоқтамаған. Ешқандай репетитор жалдамай-ақ, ешқандай курсқа бармай-ақ, ағылшын тілін меңгеріп жүр. Өмірге құштар жанның жаттығуын тамашалап, әңгіме-дүкен құрған Дәуренбек Бақдәулет, «рухы мықты кісі екен» деп, тамсанып келді.

Бейнеқыстырма: Сансызбай ақсақал брейк билеп жүр.

Құлшынып билеп жүрген биыл Пайғамбар жасына келген Сансызбай Мұқанов. Аптасына үш рет немересімен жасты балалармен бірге брэйк биін үйренеді. Айтпақшы ол үздіктердің қатарында. Ал шеберлігін шыңдап жүргеніне 4-ші жыл.

Сансызбай Мұқанов, зейнеткер:

Ертеректе жолдасым биге барып жүрген. Мен әуелі ерсі көрдім, әже болып алып, немерелерден ұят мұның десем, оның несі ұят, менен басқасы да барады деді. Әй осы менде барайыншы десем, бізде басқа жоқ, брэйк қана бар деді студияда. Мейлі, брэйк болса соған барам деп жай айта салғам, айтқан соң баруға тура келді. Бардым. Сеніңкіремей қарады, немереңізді әкелдіңіз ба дейді, жоқ өзім келдім десем, жоқ бұл қауіпті сүййегіңіз сынса кім жауап береді дейді, расписка жазып бердім, анау-мынау қолым сынса, мертіксем,өліп қалсам ешкімді кінәламаймын деп.

Сансызбай аға жасынан экстримге құштар болыпты. Ағаштан ағашқа секіріп шапқылап жүргенде анасы талай ұрысқан. -Энергиям тасып тұратын мен, сонда да қоймайтынмын,- деп еске алады.

Сансызбай Мұқанов, зейнеткер:

-Шешем марқұм айтатын өлген жеріңді білмей қаласың ғой деп.

Осы би барлық дертіне шипа болыпты. Бүйректегі тасын ақ халаттылар ота жасап, тастамақ болған. Алайда, жас баладай секіріп билейтін оның денесінен сырқат сырғи берген.

Сансызбай Мұқанов, зейнеткер:

- Бөтен адам сенбейтін шығар бүйректегі тасты да осымен шығардым. Операция жасау керек болған. Көрейін деп биде жүргенде тас несеп жолына қарай жақындапты, рентген көрсетті. Енді осында тіреліп тұр бәрі бір ота жасау керек деген, жоқ қоя тұрыңдар деп биге келе бергенмін, шығып кетіпті.

Сансызбай ағаның 3 баласы, 6 немересі бар. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ол, немерелерін сағаттап смартфонға үңілмеуге үндейді. Өзінің принцптері де бар. Лифтіге жоламайды.

Сансызбай Мұқанов, зейнеткер:

-Өз денсаулығым өзіме керек қой бірінші, қонаққа барғанда кейбірі жоғары да тұрады жаяу барамын. Лифтіге жоламаймын. Бір нағашымыз қонаққа шақырып 9-этажда тұрады, 90 жастағы әкемді көндіргем, жаяу көтерілуге.

Сансызбай ағаны үйретушілер мақтап, үйреніп жүргендер үлгі көреді. Басында үрке қараған олар, қазір бауыр басқан. Ал, Сансызбай аға бұл ісінен ерекшелік байқамайды.

Сансызбай Мұқанов, зейнеткер:

Мен бұл жерде екінің қабы болып жүрмін ғой. Екінші класқа қалған бала сияқты. Қабілеті төмен оқушы болып.Ол кешірімділікпен қарайтын шығар қайдан білейін ішініде не барын, әйтеуір келсем қуанады, келмесем ренжіп жатады, солай қарым-қатынасымыз жақсы.

Ринат Дермер, жаттықтырушы:

Оның биге деген құштарлығы сұмдық енді.Ол менің жас оқушыларыма да күш-жігер береді. Қолда тұратыны, баспен айналатыны тамаша. Оның жасында көбі қолына пульт ұстап, диванда қартаятындар ғой, расы керек. Мен Сансыбай ағаны әлі де жаттықтырып, жарыстарға апарғым келеді. 

Едіге Сұлтан, «брэйк» үйірмесіне қатысушы:

Сансызбай ата бізге үлкен үлгі. Ол мына жасында еш бір ата жасай алмайтынды істейді. Брэйктен оның денсаулығы жақсара түседі. Үлкен болғанда менде Сансыбай атам сияқты брэйк билей аламын деп ойлаймын.

Кезінде ата-бабасы жер аударылғандықтан Ресейде туған. Қазақ жеріне - ата қонысына жігіт шағында оралған ол, ең құнды жәдігерінен айырылып келген - ана тілін білмейтін еді. Бірақ намыс отын сөндіріп алмаған азамат өліп-өшіп, ана тілін үйренеді. Және үйреніп ғана қоймайды: 

Сансызбай Мұқанов, зейнеткер:

-Қазақша сөйлегенде біреулер маған күлетін, әй, қайтесің орысша сөйлей бер деп. Осыған намыстансам керек сөздік іздедім. Бірақ қалың сөздіктер олар емес маған керегі аяқ – нога, тұр-вставай деген сөздер. Маған қиын сөздер керек болды. Неге шығармайды филологтар «шала қазақтарға» енді ұялмай расын айтқанда сол ғой. Сосын сөздіктерді алып, өзім шпаргалка жаза бастадым, ылғи қолданамын.

Кейін бұл «Нақ, нақ, тақ, тақ» деп аталған шағын сөздік болып шықты. Парақтасақ, жай ғана сөздік емес, маңызды ақпаратқа толы екен. Әрбір сөзді терең ұғу үшін қасиетін ашатын бірнеше сөз беріледі. Және расында дәл сияқты. Ол «тіліміз реанимацияға түспей тұрғанда қимылдауымыз керек» деген пікірді ұстанады. Таңғалдыра түсетіні -  ағылшын тілін де тәп-тәуір меңгерген. Зейнетке шыққасын, ешқандай курсқа бармай-ақ, репетитор жалдамай-ақ, өз бетімен үйренген. 

Сансызбай Мұқанов, зейнеткер:

Ағылшынша айтады, аудармасы: Менің ағылшынша үйренуімінің басты мақсаты - басқа адамдармен де қарым-қатынаста болғым келеді. Біреулермен кездесіп қалғанда ол қазақша не орысша білмесе, мен ағылшынша сөйлегім келеді. Әрине, ағылшыншам кіршіксіз деп айта алмаймын, бірақ олар мені түсіне алады. Ағылшын тілін білу, ол да өз алдына бір керемет.

Әдемі қартаю деген осы шығар, сірә. Сұхбат барысында бұл кісінің әңгімесінен, пайымынан атын шығару үшін жүргені, иә болмаса, өзін біреулерден жоғары сезіну паңдығы байқалмады. Әңгімесі риясыз, көңілі кіршіксіз жан екен. Айтпақшы, пульт ұстап, диван алдында қартайып жатқандарға Сансызбай аға мынандай кеңес береді.

Сансызбай Мұқанов,  зейнеткер:

Менің де бір ағам бар.Ол да теледидар көргенде бүйтіп көреді (жатып алып, көрсетеді) пульт бар қолында. Мен айтамын, сен енді арнаны ауыстырдың енді ең болмағанда бір-екі рет отжимания жаса деп. Әр түрлі қимылдар бар, жатып істейтін қимылдар бар.

Дәуренбек Бақдәулет «Біздің уақыт».