$480.61 €534.53 ₽5.28
×

«20-30 жылдан бері жөндеу көрмеген жолдар бар», - С. Аблалиев

06.09.2024ж. 20:00
341
«20-30 жылдан бері жөндеу көрмеген жолдар бар», - С. Аблалиев

Жыл басынан бері ел аумағында 1300 адам жол апатынан көз жұмды. Тағы 16 мыңы зардап шекті. Бұған тек жүргізушілер кінәлі емес. Жолдардың сапасыздығы да себеп болып отыр. Осыған байланысты Президент жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін бірқатар тапсырма берді. Енді тұрғындар цифрлық платформа арқылы әр жолдың қалай, қай жерде салынып жатқанын біле алады. Ол қандай платформа? Мөлдір Жақан айтады.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Жолдың жайын жүрген білер. Дәл қазір түсірілімге бара жатырмыз. Алысқа барудың қажеті жоқ, Астананың өзінде-ақ шұрық-тесік, ойдым-ойдым жолдарды байқауға болады. Елімізде, тіпті, соңғы 20-30 жылдан бері жөндеу көрмеген жолдар бар. Мұны құзырлы министрліктің өзі мойындап отыр.

Биыл Қазақстанда жол құрылысына тартылған инвестициялар шамамен 70%-ға өсті. Былтыр салаға 47 млрд теңгеден астам қаржы құйылған. Дегенмен, кей жерлерде қаражат тапшылығының кесірінен жөндеуаралық қызмет мерзімі сақталмайтын көрінеді. Бұл өз кезегінде инвестицияларды тиімсіз пайдалануға әкеп соғады.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазір Қазақстанда жаппай жол салынып жатыр. Кейбір жерде сол жол салынбай жатыр. Қалбатау – Майқапшағай жолының салынбай жатқанына 7 жыл болды. Міне, осы 7 жылдың ішінде қаншама жол апаты болды. Қаншама адам қаза тапты. Ал енді сол жол апатынан келген материалдық шығын жүздеген миллион теңгеден асып кетті.

Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. Әйтсе де, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Экономист Сәбит Рысбаев «шектен шығып, тайраңдап кеткен мердігер компаниялардың жауапкершілігін арттыру қажет»,- дейді.

СӘБИТ РЫСБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Жалпы жолды қабылдап алғанда да ақшасының белгілі бір пайызы, 20 пайыз ба, білмеймін, міндетті түрде мердігерге әсер етуі керек. 5 жылдың көлемінде ме, 7 жылдың көлемінде ме жол қайтадан жөнделмеуі керек. Осы уақыт ішінде жол қайтадан бұзылып, жөнделетін жағдай болса, мердігер өзі жауап беруі керек. Астананың өзінде байқаймын, біздің көшенің жолын жасап кетеді де, сол жасаған жолды қайтадан жасайды. Өйткені жол жарылады, ямалар пайда болады.

Президент көлік инфрақұрылымы саласында инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдануды ұсынды. «Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн»,-деді. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Цифрлық платформада жолдың салыну графигін бағалайтын боламыз. Және де салынып жатқан жолдардың тиісті деңгейде сапалы болуын бақылайтын боламыз. Бұл платформаға тапсырыс беруші, мердігер немесе тех.надзор, авторлық надзор емес, сонымен қатар жол пайдаланушылары да кіріп, әрбір жолдың қашан, қалай салынып жатқанын бақылауға жағдай жасаймыз деп ойлаймыз.

Елімізде жүргізіліп жатқан 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның да маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан мемлекет басшысы бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырды.