$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мемлекет басшысы "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпаздарын құттықтады

AstanaTV
06.09.2024ж. 21:03
379
Мемлекет басшысы "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпаздарын құттықтады

Отбасы күні қарсаңында Астанада "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның барлық аймағынан өңірлік кезеңдерде жеңіске жеткен отбасылар қатысты, деп хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев байқау жеңімпаздарына арнайы сәлемін жолдап, құттықтау хатын жіберді. Президенттің жылы лебізін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді, делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мемлекет басшысы өзінің құттықтау хатында Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолында отбасы институтын қолдау маңызды қадам екенін атап өткен. Сондықтан елімізде бұл бағытқа баса мән беріліп, жүйелі шаралар қабылданып жатқаны да айтылды.

"Мерейлі отбасы" байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш – соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады", – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ұлтымыздың жаңа келбетін қалыптастыруда отбасы институты шешуші рөл атқаратынына үнемі назар аударып келе жатқанын айтты. Палата Спикері атап өткендей, Президент Ұлттық құрылтайдың отырысында жариялаған "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" тұжырымы ел идеологиясының іргетасы ретінде айрықша маңызға ие.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасының әлеуетін көтеруге, ана мен баланы қорғауға, қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында да осы мәселелерге назар аударып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған кезекті әлеуметтік бастамалар кешенін жариялады. Мұның бәрі еліміздегі әр отбасының өміріне оң ықпалын тигізетіні анық", – деп, Мәулен Әшімбаев Палатаның Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру аясында атқарып келе жатқан заңнамалық қызметіне тоқталып өтті.